Халықаралық турнирде елордалық құрама жеңімпаз атанды

Астана қаласындағы «Sana Sport» спорт кешенінде 18 жасқа дейінгі қыздар командалары арасындағы Азия Кубогына Орталық Азия аймағы бойынша іріктеу турнирі – FIBA U18 Women’s Asia Cup CABA Qualification өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ойын барысын Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит арнайы барып тамашалады.
Аталған жарыс Азия Кубогына іріктеу кезеңі болып табылады. Турнирге Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан ұлттық құрамалары қатысты. Қазақстан құрамасы сапында елорданың «Astana Tigers» клубының 7 ойыншысы өнер көрсетті. Атап айтқанда: Ыбрай Кәусар, Ерлан Шахида, Дымовских Лиана, Богашева Арина, Сатжанова Қарақат, Гордеева Ксения, Шмакова Юлия.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы барлық матчта жеңіске жетіп, 1-орын иеленді. Екінші орын – Өзбекстан, үшінші орын – Қырғызстан құрамасына бұйырды.
Осылайша, турнир жеңімпазы атанған елордалық баскетболшы қыздар құрамасы 2026 жылдың қыркүйек айында Таиландта өтетін FIBA U18 Women’s Asia Cup турниріне жолдама алды.
Турнирдің ең құнды ойыншысы (MVP) болып елордалық Шахида Ерлан (Қазақстан) танылды. Сонымен қатар символикалық үздік бестік анықталды.
Ойындарға халықаралық төрешілер (Корея мен Моңғолиядан) тартылып, техникалық делегат ретінде FIBA өкілі Самсон Арекелян жұмыс істеді.



