Астанада өтетін RES 2026 EXPO халықаралық көрмесіне дайындық барысымен танысты

Орталық Азия елдерінің бейінді ведомстволарының вице-министрлері өңірлік экологиялық саммитке және RES 2026 EXPO жасыл технологиялар мен орнықты шешімдер халықаралық көрмесіне дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жоғары деңгейдегі кеңес Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың төрағалығымен өтті. Іс-шараға өңір елдерінің экологиялық және білім беру министрлерінің орынбасарлары, сондай-ақ сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Орталық Азияның бес мемлекет басшысының қатысуымен өтетін саммитке дайындықтың ұйымдастырушылық және мазмұндық аспектілері егжей-тегжейлі таныстырылды. Қатысушылар сессиялық бағдарламаны қалыптастыру, өңірлік бастамаларды келісу, сондай-ақ қорытынды құжаттар жобалары бойынша елдердің ұсыныстарын талқылады.
Ерлан Нысанбаев ӨЭС 2026 климаттық және экологиялық күн тәртібінің негізгі бағыттары бойынша ынтымақтастықтың орнықты тетіктерін іске қосу және практикалық шешімдерді әзірлеу үшін өңірлік тұғырнама ретінде ойластырылғанын атап өтті.
Талқылаудың жеке блогы RES 2026 EXPO халықаралық көрмесіне арналды, оны ұйымдастыруға Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC) жәрдемдеседі. Ұйымдастырушылардың бағалауынша, көрмеге 20 000-ға жуық адам келеді, әлемнің 30-дан астам елінен 300-ге тарта компания-экспоненттер қатысады. Экспозициялық және тұсаукесерлік аймақтардың жалпы ауданы 20 000 м² асады, оның ішінде 12 000 м² негізгі көрме залын құрайды.
Орталық Азия елдерінің делегациялары көрмені өткізу алаңында болды. Өкілдер кешеннің инфрақұрылымымен танысып, көрме павильондарын аралап көрді және ұлттық стендтерді, технологиялық экспозицияларды және презентация аймақтарын орналастыру мүмкіндіктерін бағалады. Халықаралық делегациялар мен экспоненттерді қабылдауға алаңның жоғары деңгейдегі дайындығы атап өтілді.
RES 2026 EXPO орнықты даму нақты жобалар, технологиялық шешімдер және инвестициялық тетіктер арқылы қаралатын қолданбалы халықаралық платформа ретінде қалыптасылып отыр.
IGTIC Басқарма Төрағасы Сәкен Қалқаманов көрме Саммиттің ажырамас практикалық бөлігіне айналатынын атап өтті.
«RES 2026 EXPO саяси уағдаластықтар нақты бизнес шешімдерге айналатын диалог пен бірлескен іс-қимылдарға арналған платформа болады. Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Қытай, сондай-ақ Еуропа елдерінің: Испания, Франция, Швейцария және Германияның делегациялары мен компаниялары іс-шараға қатысатындарын растады. Біз инвестицияларды тарту, серіктестікті дамыту және жасыл экономика саласындағы мемлекетаралық диалогты нығайтуға арналған негізгі халықаралық алаңды қалыптастырамыз», — деп атап өтті әакен Қалқаманов.
Саммитке дайындық шеңберінде өңірдің экологиялық архитектурасын ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған IGTIC-тің екі стратегиялық бастамасы да ұсынылатын болады.
Біріншісі — GCIP бағдарламасының әдіснамасы негізінде құрылатын Орталық Азия жасыл акселерация орталығы. Бастама өңірлік GreenTech Hub-ты қалыптастыруды, климаттық және таза технологияларды акселерациялауды, стартаптар мен ШОБ-ті қолдауды, қаржыландыруға және инвестициялық құралдарға қолжетімділікті кеңейтуді, сондай-ақ реттеуші кедергілерді жоюды көздейді.
Екіншісі — өнеркәсіпте ЕҚТ енгізу бойынша мемлекетаралық ғылыми-техникалық және әдістемелік платформа болатын ең үздік қолжетімді техникалар (ЕҚТ) жөніндегі Орталық Азия бюросы. Бюро ЕҚТ анықтамалықтарын әзірлеу мен бейімдеуді, пилоттық жобалар мен технологиялық аудиттерді іске қосуды үйлестіреді, сондай-ақ бірыңғай өңірлік тұғырнама арқылы цифрлық білім алмасуды қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік сектор үшін RES 2026 EXPO бизнеспен және халықаралық әріптестермен ашық диалог құру құралы болады. Бизнес үшін — реттеушілермен, инвесторлармен тікелей өзара іс-қимыл жасау және жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі. Қоғам үшін — экологиялық күн тәртібін қалыптастырудың ашық кеңістігі болмақ.
Бүгінгі таңда көрме стендтерін және қатысу форматтарын брондау ашылды. Ұйымдастырушылар компанияларды, технологиялық стартаптарды, инвесторларды және халықаралық ұйымдарды RES 2026 EXPO-ның бір бөлігі болуға және Орталық Азияның орнықты болашағын қалыптастыруға үлес қосуға шақырады.
Анықтама:
«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (Орталық) — Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жасыл технологияларды ілгерілетумен, экологиялық жобаларға инвестициялар тартумен және орнықты даму аясында халықаралық ынтымақтастықты дамытумен айналысатын ведомстволық бағынысты ұйымы.
Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) – климаттың өзгеруін, су ресурстарының тозуын, табиғи ресурстарды орнықты басқаруды және т.б. қоса алғанда, өткір экологиялық мәселелерді шешу үшін Орталық Азия елдері мен басқа да мемлекеттерді біріктіруге бағытталған халықаралық іс-шара. RES 2026 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында (Қазақстан) өтеді. Саммитке 1500 делегат — мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, бизнес және ғылым өкілдері қатысады деп жобаланып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында БҰҰ-мен әріптестікте RES 2026 өткізу бастамасын жариялады.
RES 2026 туралы ақпарат мына сайтта: https://res2026.kz/



