Астанада Наурыз мерекесіне арналған салтанатты концерт өтті
Астанадағы EXPO көрме орталығы алаңында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған ауқымды салтанатты концерт өтті. Мерекелік шараға еліміздің жоғары лауазымды тұлғалары қатысып, жұртшылықпен бірге әз-Наурыздың шаттығын бөлісті. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған кешке қала тұрғындары мен қонақтар көптеп жиналып, мерекелік көңіл-күйге бөленді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек арнайы қатысты.

Концерт барысында қазақтың дәстүрлі өнері мен заманауи мәдениеті үйлесім тапқан мазмұнды бағдарлама ұсынылды. Сахна төрінде белгілі өнерпаздар ән шырқап, би ұжымдары ұлттық нақыштағы қойылымдарын көрермен назарына ұсынды. Сондай-ақ, мерекелік кеш аясында ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп, этно-мәдени көріністер көрсетілді.

Көрермендер мерекелік концерттен ерекше әсер алып, Наурыздың шынайы рухын сезінді. Ұлыстың ұлы күніне арналған бұл шара елорданың мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды.

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



