Астанада маусымнан бері 27 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді

2025 жылғы 2 қазанда басталған эпидемиологиялық маусымнан бері елордада жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 27 469 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 1 796,8-ді құрап отыр, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5 пайызға төмен. Ауырғандардың негізгі бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар (61 % немесе 16 624 жағдай), оның ішінде 920-сы – бір жасқа дейінгі сәбилер.
Маусым басынан бері «ЖРВИ/тұмау» диагнозымен 982 адам ауруханаға жатқызылған, олардың ішінде 76 жүкті әйел (8 %) және 356 бір жасқа дейінгі бала (36 %) бар.
Елордада 2025 жылғы 23 қыркүйектен бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында жергілікті бюджет есебінен маусымдық тұмауға қарсы вакцинация жүргізіліп келеді. Бұл мақсатта 145 000 доза «Гриппол+» вакцинасы сатып алынған.
— 30 қазанға дейін 134 977 адам егілді (қаланың 8,83 % тұрғыны), олардың 134 077-сі – жергілікті бюджет есебінен. Тәуекел тобына жататын 144 500 адамның 72 705-і екпе алған, бұл 98 %-дық қамтуды құрайды. Сонымен қатар жұмыс берушілер есебінен қосымша 9 000 ересек адамға вакцина егілді, — деп жазды ведомстводан.
Дәрігерлер мынадай ұсынымдар береді:
• ауру белгілері байқалғанда бірден емханадағы сүзгі кабинеттеріне жүгіну;
• аурушаңдық деңгейі өскен кезде адам көп жиналатын орындарға бармау;
• ЖРВИ белгілері пайда болғанда медициналық маска тағу;
• суық тию белгілері бар балаларды балабақша мен мектепке жібермеу;
• жеке гигиенаны сақтау – қолды жиі жуу, үй-жайларды желдету және жиі пайдаланылатын заттарды дезинфекциялау.
Департамент эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр және астаналықтарды өз денсаулығына, сондай-ақ айналасындағылардың саулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Айта кетейік, СҚО-да ай басталғалы бес мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырды.



