Қоғам

Астанада колледж үздіктері марапатталды

Елордадағы Е.Рахмадиев атындағы филармония ғимаратында Астана қаласының колледж түлектерін марапаттау салтанаты өтті. Олар – республикалық және халықаралық кәсіби шеберлік байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды.

Марапатталғандар қатарында оқу барысында ерекше көзге түскен және кәсіби байқаулар мен ғылыми-әлеуметтік жобаларда жеңіске жеткен студенттер бар. Атап айтқанда, WorldSkills Hungary халықаралық чемпионаты, WorldSkills Astana, Worldskills – 2025 ұлттық чемпионаты, «ТОП-100 колледж студенті – 2025» республикалық байқауы, «Үздік аспаз-2023» қалалық байқауы сынды жарыстарда оза шапқан студенттер марапатталды.

«Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі заман талаптарына сәтті бейімделіп келеді. Колледждерде электромобильдерді жөндеу, киберқауіпсіздік, туристік жобалау сияқты заманауи бағыттар енгізілуде. Бұл жастарға сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Инфрақұрылымды дамытуға да айрықша көңіл бөлініп отыр. Биыл 4 колледжді жаңарту жоспарланса, келесі жылы тағы 5 оқу орны жаңартылады. Жыл соңына дейін мың орындық жатақхана пайдалануға беріліп, студенттердің жайлы оқу және тұру жағдайы қамтамасыз етіледі. Бұл шаралардың бәрі сапалы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған», – деді марапаттау рәсімінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Оның айтуынша, бүгінде қалада 32 колледж жұмыс істейді, онда 38 мыңнан астам студент білім алып жүр. Олардың 24 мыңнан астамы – мемлекеттік грант иегері. Биыл Астана қаласы колледждерін 11 мың түлек тәмамдайды.

«Өткен жылы колледждерде жаңа мамандықтар ашылды. Атап айтқанда, гидротехнолог, ландшафт дизайнері, хаус-мастер сынды жаңа бағыттар енгізілді. Қала қажеттілігіне сай жаңа мамандықтарды әрі қарай да енгізуді жоспарлап отырмыз. Қуантатыны – түлектеріміз тек жұмысқа орналасуға емес, сонымен қатар өз мамандығы бойынша әрі қарай дамуға ниетті. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда», – деді Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Салтанатты шара барысында түлектердің ұстаздарына студенттерді дайындағаны үшін алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға үлес қосқан әлеуметтік серіктестер де марапатталды.

Іс-шара аясында студенттердің жетістіктері, колледж жобалары мен оқу шеберханаларында жасалған бұйымдар ұсынылған көрме ұйымдастырылды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button