Қоғам

Астанада колледж базасында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Астана қаласы әкімдігінің «Кәсіптік-техникалық колледжі» ШЖҚ МКК базасында түлектерді жұмыспен қамту және әлеуметтік серіктестік аясында кең көлемді кәсіби бағдар беру шарасы – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz .

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара колледж түлектері мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беріп, тараптар арасындағы болашақ әріптестік бағыттарын анықтауға ықпал етті.

«Бүгінгі іс-шараға Rixos және Sheraton қонақ үйлері, Allur Auto Astana, Subaru Motor Astana, Porsche Centre Astana сияқты автосалондар, сондай-ақ Vector Service, Welding Company, On Green Technology, Стройбат LUXE, Алкон+, Астана Тазалық сынды өндірістік және сервистік компаниялар қатысып отыр», – деді ұйымдастырушылар.

Жәрмеңкеде электромонтер, электрогазбен дәнекерлеуші, автомобильдің электр жабдықтарын жөндеу электригі, техник-механик, жол-құрылыс машиналарының машинисі, кондитер және аспаз секілді сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары ұсынылды.

Колледж директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Омарбек Тілеубаевтың айтуынша, биыл 237 студент бес мамандық бойынша оқуын аяқтады.

«Олардың барлығы – жұмысшы мамандық иелері: автослесарь, автоэлектрик, электрик, дәнекерлеуші, тігінші және аспаз. Барлық студенттер мемлекеттік емтиханнан сәтті өтіп, өз бағаларын алды. Енді біз олардың жұмысқа орналасуына көмектесуді көздеп отырмыз», – деді ол.

Мамандардың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер тек жұмысқа орналасуға септесіп қана қоймай, оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, оқыту жүйесін дамытуға және мамандар даярлау сапасын арттырады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button