Астанада көпқабатты үйлерді басқарудың жаңа мәдениеті қалыптасып келеді

Астана қаласында көппәтерлі тұрғын үйлердің сапасын арттыруға бағытталған «TURGYNDAR AMANATY» жобасы табысты іске асып келеді. Астана қаласының коммуникациялар қызметінің алаңында «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек «AMANAT» партиясының қалалық филиалы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобасының нәтижелерін жариялады. Сол сияқты Алматы» ауданының ПИК, МИБ және қызмет көрсетуші ұйымдар қауымдастығының төрағасы Руслан Айғожин атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жобаның басты мақсаты – көппәтерлі тұрғын үйлерде жайлы, қауіпсіз, абаттандырылған және заманауи қалалық ортаны құруға жәрдемдесу.
Мұхаммед Болысбек өз сөзінде жобаның егізгі бағыттары мен атқарылған жұмыстары туралы айтып өтті. Нәтижесі төмендегідей:
1. Оқыту және біліктілікті арттыру. 2025 жылдың ақпан айынан бастап 538 Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) және пәтер иелері кооперативтері (ПИК) төрағасы коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарының қатысуымен өткізілген семинарларға қатысқан. Сабақтар барысында тұрғын үй шаруашылығын басқару, есептілік пен ашықтық мәселелері талқыланды.
2. Қаланы көркейту және экологиялық мәдениет. Жоба аясында ұйымдастырылған аудандарда сенбіліктер мен «Жасыл аула – 2025» байқауы өтті. Мақсат – тұрғындардың шығармашылық белсенділігін арттыру және қаланы көгалдандыру ісіне атсалысу. Қазан айында аулаларда ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылмақ.
3. Бастауыш партия ұйымдарын құру. МИБ және ПИК базасында бастауыш партия ұйымдары ашылып, партия қатарына азаматтарды қабылдаулар басталды. Бұл қадам қоғам мен партия арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
4. Тұрғындармен тиімді өзара байланыс. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын қабылдау үшін Call-орталықтар мен WhatsApp чаттары құрылмақ. Бұл жүйе азаматтардың мәселелерін жедел әрі ашық түрде шешуге жағдай жасайды.
5. Күрделі жөндеу және цифрландыру. Көппәтерлі тұрғын үйлердің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жұмыстарын жыл сайын 50 үйге дейін қамту көзделген. Сонымен қатар тұрғын үй басқару саласын цифрландыру бағытында пилоттық жобалар іске асырылып келеді.
«TURGYNDAR AMANATY» жобасын іске асыру барысында бірқатар жүйелі проблема анықталды. Олардың қатарында апатты және тозығы жеткен үйлердің көптігі, тұрғындардың құқықтық сауаттылығының төмендігі, коммуналдық қызмет сапасына байланысты шағымдар және кадр тапшылығы бар.
Осы мәселелерді шешу үшін жобалық топ сегіз бағыт бойынша кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, МИБ және ПИК төрағаларының мәртебесін арттыру, тұрғын үй саласын цифрландыру, тұрғындарды «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді тарту және аудандық форумдар өткізу жоспарлануда.
«Алматы ауданының ПИК, МИБ және қызмет көрсетуші ұйымдар қауымдастығының төрағасы Руслан Серікұлы Айгожин жобаның маңыздылығын атап өтті. «Біз тұрғындарға үйлерін өздері басқаруға мүмкіндік беру арқылы олардың көзқарасын өзгертуді мақсат етеміз. Жобаның арқасында көптеген үйлердің мәселелері жүйелі түрде шешімін тауып келеді», – деді Алматы ауданының ПИК, МИБ және қызмет көрсетуші ұйымдар қауымдастығының төрағасы Руслан Айғожин.
«TURGYNDAR AMANATY» жобасы – тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелерді шешудің тиімді тетігі. Жоба нәтижесінде елорда тұрғындарының азаматтық белсенділігі артып, көппәтерлі үйлерді басқару сапасы жақсаруда.
Алдағы уақытта жоба шеңберінде МИБ төрағаларының аудандық форумдарын өткізу, жаңадан сайланған төрағаларды оқыту, сондай-ақ жасыл және қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жалғасын табады.