Астанада KIOSH 2025 халықаралық конференциясы мен көрмесі өтуде

Астанада KIOSH 2025 еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі XIII Қазақстандық халықаралық конференция мен көрме өтуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға Халықаралық еңбек ұйымының және Халықаралық еңбек инспекторлары қауымдастығының, мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың өкілдері, сондай-ақ жақын және алыс шет елдердің сарапшылары қатысады. Биыл конференция аясында үш күн ішінде өндірістік бақылауды цифрландырудан бастап корпоративтік қауіпсіздік мәдениетін дамытуға дейінгі көптеген мәселелер бойынша 10 тақырыптық сессия өткізу жоспарлануда.
KIOSH 2025 көрмесіне ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев пен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қатысты. Көрмеге Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Латвия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Түркия сияқты 12 елден 91 компания қатысып, жеке қорғаныс пен мониторингтің соңғы құралдарынан бастап цифрлық технологиялар мен персоналды оқыту бағдарламаларына дейінгі өнімдердің кең спектрін көрсетті.