Астанада киберқылмысқа қарсы профилактика күшейді

Астанада полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы кибершабуылдар мен онлайн алаяқтықтың алдын алуға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Осы бағытта полиция мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейтіп, түрлі мақсатты топтар — оқушылар, жастар және еңбек ұжымдары арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын белсенді жүзеге асыруда. Ақпараттық науқан аясында кең таралған алаяқтық схемалар, киберқатер түрлері және олардан қорғану жолдары туралы бейнероликтер дайындалып, көрсетілуде. Қазақстан Республикасының су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, ведомство қызметкерлеріне арналған лекция ұйымдастырылды.
Полицейлер интернет-алаяқтардың құрбанына айналмау жолдарын түсіндіріп, дропперліктің қаншалықты қауіпті екенін айтып берді. Сондай-ақ жеке деректерді қорғауға қатысты кеңестермен бөлісті. Кездесу барысында киберқауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Полиция азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге және ақпарат көздерін тексеріп отыруға шақырады. Бұл – киберқауіптерден қорғанудың негізгі жолы.



