Астанада JasylFest экофестивалі өтті

Астанадағы «Жетісу» саябағында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының ұйымдастыруымен JasylFest атты екінші экологиялық фестиваль өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Фестиваль StopMusor әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылып, елорда тұрғындары мен қонақтарының назарын қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудару, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жауапты тұтыну дағдыларын дамыту мақсатында өткізілді.
Іс-шара қонақтары қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тұрмыстық химияны гринвошингтен қалай ажыратуға болатынын үйренді, эко-сөмкелерді әрлеуді меңгеріп, жауынқұрты көмегімен компост жасау технологиясымен танысты.
Сонымен қатар, биологиялық ыдырайтын бір реттік ыдыс жасау аймағы ерекше қызығушылық тудырды.
Фестиваль алаңында киім-кешек, кітаптар мен ойыншықтар қабылданатын дармарка және қайта өңдеуге арналған қалдықтарды жинау пункті жұмыс істеді. Қатысушылар макулатура, әртүрлі пластик түрлері, шыны, мата, батарейкалар, электронды қалдықтар, мерзімі өткен дәрі-дәрмектер мен қолданылған өсімдік майын, т.б. заттарын тапсырды. Сонымен қатар, жануарлар үйіне арналған заттарды – ескі сүлгілер, көрпелер мен төсек жабдықтарын жинау бөлек ұйымдастырылды.
Балалар үшін анимациялық бағдарламалар мен сыйлықтар таратылатын викториналар өткізілді.
«Біз қарапайым экологиялық әдеттердің күнделікті өмір салтына қалай айнала алатынын іс жүзінде көрсеткіміз келеді. Бүгінгі фестиваль – жай ғана акция емес, табиғатты қорғауды өмір нормасына айналдыратын жаңа ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесіміз», – деді Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқармасының төрайымы Айгүл Сағадибекова.
Жергілікті тұрғындар да бұл бастаманы қолдады.
«Осындай шаралардың қаламызда өткізіліп жатқаны өте қуантады. Қалдықтарды сұрыптау экологияға ғана емес, денсаулығымызға да оң әсер етеді. Бұл – өсіп келе жатқан ұрпақ үшін тамаша үлгі», — дейді астаналық тұрғын Әйгерім Әбілова.