Елорда тынысы

Астанада инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды

Елордадағы тағы 10 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Инклюзивті кабинеттердің бірінің ресми түрде ашылуы қаладағы №91 мектеп-гимназияда өтіп, оған «Самұрық-Қазына» АҚ, қалалық білім басқармасының өкілдері, мәжіліс депутаттары қатысты.

Жаңа кабинеттер ерекше білім беруді қажет ететін 510 балаға қолдау көрсетеді. Олар өз мектебінде жаңа дағдыларды меңгеріп, шығармашылықпен айналысып, бейімделген жаттығулар жасай алады. Балалармен дефектологтар, психологтар, логопедтер және басқа да мамандар жұмыс істейді. Әрбір кабинеттің аумағы 60 шаршы метрден асады. Онда емдік дене шынықтыру аймағы, сенсорлық бөлме, ойын аймағы және қыш шеберханасы жабдықталған. Кабинеттерді ашуға қажетті қаражаттың бір бөлігі III Samruk Charity Marathon қайырымдылық марафоны кезінде жиналды, онда 208 млн теңге тартылған болатын.

-Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 210 мыңнан астам бала тұрады. Алайда Қазақстанда мектептердің 11 пайызында ғана инклюзияны қолдау кабинеттері ашылған. Бізге инклюзивті білім беру барлық бала үшін қолжетімді болғаны маңызды. «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесе осы бағытта жұмыс жүргізудеміз. Бүгін Астанада сондай 10 кабинет ашылуда, олар елордадағы ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың 40 пайызын қамтиды. Сонымен қатар елімізде жылдың соңына дейін «Самұрық-Қазына» қорының 9 оңалту орталығы ашылады.  Бұл қадамның бәрі балалар үшін қажетті жағдайды жасауға септік етеді, — дейді ҚР Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева.

Осы кабинетті қосқанда Астанадағы инклюзивті кабинеттердің жалпы саны 21-ге жетті. Бүгінде онда 1054 бала білім алуда, бұл – елордадағы ерекше білім беруді қажет ететін балалардың 40%-ын құрайды. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асуда.

Ашылу салтанатына «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, сенатор Руслан Рүстемов, мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков және басқа қоғам өкілдері қатысты.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button