Астанада Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевты еске алу жиыны өтті

Халық батыры Рақымжан Қошқарбаевтың Жеңіс туын көкке көтергеніне 80 жыл толуына орай елордадағы Р.Қошқарбаев атындағы №44 орта мектебінде еске алуға арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мектеп ұжымы ұйымдастырған мерекелік іс-шара Сарайшық ауданы ардагерлер кеңесінің мүшелері мен белсенді тұрғындар және әскери киімдегі оқушылар келген қонақтарды тік тұрып қарсы алуымен басталды.
Жиынға «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесі төрағасының орынбасары, генерал-майор Марат Нұғұманов, қалалық ардагерлер кеңесінің орынбасары Мұрат Іргебаев, Сарайшық ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Азат Баужанов, Рақымжан Қошқарбаевтың ағасының қызы Маржан Нұрмағанбетова және келіні Қалам Темірова қатысып, батырдың ерлігін ұлықтады.
Алдымен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев құттықтау сөз сөйледі.
“Былтыр батыр бабамыздың жүз жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында бас қосып, осы мектепке ұлы тұлғаның есімін берген едік. Кеңес одағының батыры, Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың бір ғасырлық мерейтойына арнап өткен жылы бірқатар іс-шаралар өткізілді. Өздеріңізге мәлім, Нұрмағамбетов ақсақалдың елінде арка ашылды, мұражайымен бірге мүсіні бой көтерді.
Біздің әр қадамымыз — осы кіслердің батырлығына тағзым. 80 жыл бұрын жауынгерлер Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Берлиндегі Рейхстагқа қызыл ту тікті.
Олардың әрекеті ерлік мен жанқиярлықтың, Отанға деген сүйіспеншілік пен махаббаттың шынайы көрінісі еді.
Рейхстагқа ту тіккен біздің батыр бабамыз тек қана соғыс батыры емес, ол шынайы патриотизм, қайсарлық пен жасампаздықтың символы.
Халық Қаһарманы атындағы мектептің оқушылары ретінде бұл сіздер үшін де ерекше мақтаныш пен рухтандырудың қайнар көзі болуы тиіс.
Әрқайсыңыз батырдың тірі естелігінің мұрагерісіздер.
Жеңіс туы — халқымыздың қайсарлығы мен бірлігінің символы. Тарих бізбен бірге жасалады. Сіздер сол тарихтың жалғасысыздар. Сондықтан еңбектеріңізбен, білімдеріңізбен тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қоса беріңіздер, — деді Басқожаев.
Одан әрі ерлікке құрмет ретінде мектептің алдындағы тақтайшаға гүл шоқтары қойылды және батырды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Ұлттық Әскери-патриоттық орталығы ансамблінің солисттері ән шырқап, Аманжол Унисбаев жетекшілік ететін «Батырлар» клубының мүшелері өз өнерлерін ортаға салып, кешті қорытындылады.