Астанада GCIP-Kazakhstan Ұлттық академиясы өтуде

28-31 шілде аралығында Астанада «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (бұдан әрі – Орталық) ұйымдастыруымен GCIP-Kazakhstan Ұлттық академиясы өтуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Академия таза технологиялар саласындағы флагмандық акселерациялық бағдарламаның үшінші циклінің орталық білім беру оқиғасы және 2025 жылғы конкурстық іріктеу қорытындылары бойынша іріктелген стартаптар үшін келесі негізгі кезең болмақ. Қатысушылар энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздері, қалдықтарды басқару, тұрақты су пайдалану, таза көлік және озық материалдар сияқты басым бағыттардағы жобаларды ұсынады.
Академияның мақсаты – стартаптарды экологиялық таза технологияларды енгізуге баса назар аудара отырып, бизнес-жоспарлау, тұрақты даму, нарықтық стратегия және инвестициялық тартымдылық саласындағы негізгі құзыреттерді дамыту арқылы GCIP-Kazakhstan акселерациялық бағдарламасына табысты қатысуға дайындау.
Академия шеңберінде халықаралық және қазақстандық сарапшылардың қатысуымен қарқынды оқыту модулі көзделген. Бизнес-модельдер құру, халықаралық нарықтарға шығу, инвесторлармен өзара іс-қимыл жасау және серіктестерді тарту бойынша практикалық сабақтарға баса назар аударылатын болады. Оқыту бағдарламасын тұрақты технологиялар саласында жұмыс істейтін акселераторлардың, менторлар мен инвесторлардың беделді жаһандық желісі – Network for Global Innovation (NGIN, АҚШ) сарапшылары жүргізеді.
GCIP-Kazakhstan-ды Біріккен Ұлттар Ұйымының (UNIDO) және Жаһандық экологиялық қордың (ҒЭҚ) қолдауымен Орталық іске асырып отыр. Бағдарлама таза технологиялар саласындағы инновацияларды ілгерілету және шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жаһандық бастаманың бір бөлігі болып табылады. Қазақстан – Түркия, ОАР, Индонезия және Нигерияны қоса алғанда, 15 елді қамтитын осы жобаға қатысатын Орталық Азиядағы жалғыз ел.
GCIP-Kazakhstan бағдарламасы іске қосылғаннан бері тұрақты нәтижелер көрсетіп келеді: 2023-2024 жылдары 200-ден астам өтінім берілді, биыл 350 өтінім қаралып, Акселерация бағдарламасынан өту үшін 50 стартап-жоба іріктелді.
GCIP-Kazakhstan Ұлттық академиясы – тұрақты инновациялардың экожүйесін құратын және Қазақстанда экологиялық бағдарланған кәсіпкерлердің жаңа буынына қолдау көрсететін маңызды қадам.