Астанада фиджитал футболдан үздік команда анықталды

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында фиджитал футболдан «Road to Abu Dhabi» атты іріктеу турнирі өтті. Турнирдің басты жүлдесі – 2025 жылы Абу-Дабиде өтетін Болашақ ойындарына қатысу мүмкіндігі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Екі күнге созылған жарысқа 8 команда қатысты. Қорытынды бойынша UEL Team жеңімпаз атанып, халықаралық додаға жолдама алды. Екінші орын – ФКС Қарағанды, үшінші-төртінші орындар – The_OLIMPIACOS және Team Novaq командаларына бұйырды.
Фиджитал футбол — виртуалды ойын мен шынайы футболды біріктіретін жаңа формат. Командалар алдымен компьютерлік футболда күш сынасып, кейін дәл сол есеппен алаңға шығып, нақты матч өткізді.
UEL Team жаттықтырушысы Арман Пирмановтың айтуынша, қарсыластар өте мықты болған. «Бұл – үлкен жауапкершілік. Финалдық турнирде 1 миллион доллар көлемінде жүлде сарапқа салынады. Біз енді сол ойынға тыңғылықты дайындаламыз», – деді ол.
Айта кетейік, 25–26 шілде күндері елордада фиджитал баскетболдан да іріктеу турнирі өтеді. Кіру – тегін. Жарыс сағат 10:00-де басталады.