Қоғам

Астанада есірткіге қарсы күрес іс-шарасы өтті

Астана мәслихатының депутаттары нашақорлық пен құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бағытында мемлекеттік органдардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Іс-шара Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен «Заң және тәртіп» нарративін іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Депутаттар құқық қорғау нысандарын және медициналық мекемелерін аралады. Маршрут үш бекетті қамтыды. Алғашқы нысан – Қарағанды тасжолындағы «Күйгенжар» бекеті болды.

Мұнда құқық қорғау органдарының қызметкерлері автокөліктерді тексеру және кинологиялық қызметтің жұмыс барысын көрсетті.

«Бұл сапардың басты мақсаты – елордаға есірткі заттарының жеткізілуінің алдын алу үшін құқық қорғау органдары қандай жұмыс атқарып жатқанын көру. Қазір полиция мен кинологтардың әрекетін бақылап отырмыз. Олардың бұл бағыттағы жұмысы жүйелі түрде жолға қойылғанын айтуға болады. Біз, депутаттар, олардың қандай қиындықтарға тап болатынын анықтап, осы мәселелерді шешуге көмектесуіміз керек. Мен халық қалаулысы әрі ата-ана ретінде жастармен жұмысқа белсенді араласамын.

Жастарға есірткінің зияны туралы айтып, оңай ақша табуға тырысып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін көрсететін бейнероликтер ұсынамыз.

Басты мақсатымыз – оларды жағымсыз ортаның ықпалынан сақтау», – деді мәслихат депутаты Бауыржан Қасымбергебаев.

Келесі нысан – қалалық саябақтағы амфитеатр болды. Мұнда халық қалаулылары «Астана жастары» еріктілерімен бірге есірткі жарнамасы бейнеленген қабырғаларды бояуға қатысты.

«Біздің міндетіміз – тек елордаға есірткі заттарының жеткізілуінің алдын алу емес, сонымен қатар, қызметтік өкілеттігіміз аясында жастардың қатысуымен түрлі акциялар өткіземіз. Бұл шаралар есірткінің таралуына жол бермеуге бағытталған. Оқу жылы кезінде жоғары оқу орындары мен колледждерде дәрістер мен әңгімелесу шараларын ұйымдастырамыз», – деді Астана қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Абай Амантаев.

Іс-шара соңында делегация Психикалық денсаулық орталығына барды. Мұнда дәрігерлер нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жөнінде айтып, қонақтарды химия-токсикологиялық зертханаға апарды. Бұл зертханада адам ағзасындағы биологиялық сұйықтық арқылы психоактивті заттарды анықтайтын жабдық бар.

Кездесу барысында депутаттар медицина қызметкерлерінің проблемаларын тыңдады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button