Астанада ең үлгілі аулалар анықталды

Астанада республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткен «Үздік аула» байқауының жеңімпаздары белгілі болды. Қаладағы әр аудан бойынша ең үлгілі аулалар таңдалды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz .
Байқауды елордалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесіп, тәуелсіз демеушілердің қолдауымен ұйымдастырды.
Мақсат – аулаларының тазалығы мен абаттандырылуына үлес қосып жүрген белсенді тұрғындарды ынталандыру және қала ортасына жауапкершілікпен қарауды дәріптеу.
Марапаттауды Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Мәлік жүргізді.
Жеңімпаздарға алғыс хаттар, шаруашылыққа қажетті материалдар алуға арналған ақшалай сертификаттар, сондай-ақ кәсіпкерлер сыйға тартқан мобильді телефондар табысталды. Елордада үздік деп танылған МИБ мен ПИК төрағалары да марапатталды.
Әр аудан бойынша жеңімпаздар төмендегідей:
Есіл ауданы – Достық көшесі, 5/2, МИБ «Северное сияние»
Сарыарқа ауданы – Бөгенбай батыр даңғылы, 34, ПИК (К) «Бриз»
Сарайшык ауданы – Қалдаяқов көшесі, 23А, МИБ «Қалдаяқов, 23А»
Алматы ауданы – Іле көшесі, 30/2, «Ависа Сервис» ЖШС
Нұра ауданы – Нәрікбаев көшесі, 22, ОСИ «Копенгаген»
Байқоңыр ауданы – Рамазан көшесі, 33, «Юбилейный 2009» МИБ
«Копенгаген» тұрғын үй кешенінің төрайымы Алма Сәлімбаева бұл жетістікке жылдар бойы жүйелі еңбектің арқасында қол жеткізілгенін атап өтті:
«Біз бес жыл бойы ауланы жақсартуға күш салып келдік. Бүгінде еңбегіміздің нәтижесін көрудеміз – ауламызда көптен бері армандаған сквердің құрылысы басталды. Жасыл желек отырғыздық, тәртіпті қадағаладық, сапалы сервистік компаниямен жұмыс істедік. Бәрін тұрғындарымыз үшін жасадық. Жеңімпаздарды бірнеше ай бойы қадағалап, тексеріп барып таңдады. Сондықтан біздің ауланың үздік танылуы – әділ шешім. Ортақ еңбегімізбен жеткен жетістікке мақтанамыз», – деді ол.
«Таза Қазақстан» акциясына шағын бизнес өкілдері де белсенді атсалысты. Мәселен, «Нұра» ауданында Tvoi comfort мобильді техника дүкенін ашқан кәсіпкер Махаббат Теңлесбаева байқауға қолдау білдіру бастамасын көтерді.
«Бүгін елордадағы ең үздік аулаларды марапаттау шарасы өтіп жатыр. Біз бұл бастаманы қолдауды жөн көріп, өз үлесімізді қосқымыз келді. Дүкеніміздің ашылуына орай және «Таза Қазақстан» акциясын қолдау мақсатында әр жеңімпазға атынан мобильді телефон сыйладық. Бұл – тазалық пен экологияға үлес қосып жүрген жандарға алғыс айтуымыз әрі Президент бастамасын қолдауымыз. Қолымыздан келгенше халыққа қолжетімді әрі сапалы телефондар ұсынуға тырысамыз. Осындай шараның бір бөлігі болғанымызға қуанып отырмыз, сенім артқандарыңызға рақмет», – деді ол.
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Мәлік байқаудың мән-маңызына тоқталып өтті:
«Үздік аула» байқауы – қала ортасын жақсарту және тұрғындарды ауданның дамуына тарту бағытындағы үлкен жұмыстың бір бөлігі. Мұндай бастамалар тек абаттандыруды ғана емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді. Бұл жобаны келесі жылы да жалғастыруды жоспарлап отырмыз», – деді ол.