Астанада экобуккроссинг сөресі ашылды

Астанадағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ерекше іс-шараны қолға алды, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі экобуккроссинг сөресін іске қосты. Мұндағы басты мақсат – кітап арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Экобуккроссинг сөресі – бұл кітапхана қызметкерлері мен оқырмандарды ортақ кеңістікте біріктіреді, онда әркім кітапты қоқысқа тастаудың немесе пайдаланбай сақтаудың орнына басқа оқырманға бере алады, яғни бір-бірімен кітап алмасады», – деді қалалық «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директорының орынбасары Бекболат Арыстанбеков.
Бекболат Арыстанбековтің айтуынша, іс-шара көпшілікке экологиялық білім беру, халық арасында оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандарын экологиялық қозғалысқа тартуды мақсат етеді.
«Экобуккросингке қойылған басты тақырыптар елімізде мекендейтін жануарлар түрлеріне, Қазақстанның табиғатына, қорықтарына, таулы аймақтарына арналады. Көрмеге өсімдіктер әлемі, балаларға арналған экологиялық әліппе сынды кітаптарды қойдық. Сондай-ақ келушілер көрмеден 20 облыстың сұлу табиғаты жайлы кітаптарды да таба алады. Бұл кітаптарды алу үшін әр адам өзінің экологиялық бағыттағы бір кітабын әкеліп, орнына басқа кітапты алып кете алады», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, экобуккроссинг – Астана кітапханалары жүйесінің табиғатқа ұқыппен қарауға және қала тұрғындарының экологияға жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған кезекті маңызды қадам.
Айта кетейік, бұл іс-шара жыл соңына дейін болады.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan