Астанада «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның іске асырылу барысы талқыланды

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның іске асырылу барысына арналған брифинг өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев, сондай-ақ Қазақстан хоккей федерациясының өкілі Рустам Ибраев қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Брифинг барысында қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес спорттың басым түрлерінің тізбесі айқындалғанын атап өтті. Оған олимпиадалық спорт түрлерімен қоса ұлттық спорт түрлері де енгізілді. Бұл олардың дамуы мен танымал болуына тең мүмкіндік береді.
Брифингте саланы басқару жүйесін жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Басты жаңалықтардың бірі ретінде вертикальды басқаруды атап өтуге болады. Енді өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармалары Туризм және спорт министрлігіне тікелей байланыста болады. Мұндай тәсіл үйлестірудің тиімділігін арттыруға, функциялардың қайталануын болдырмауға және спорт саласын дамытудың бірыңғай стандартын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа заңнаманың маңызды бағыты – бюджет шығыстарын оңтайландыру. Құжатта легионерлерді мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу және кәсіби спорт клубтарына лимиттер енгізу қарастырылған. Бұл шаралар ресурстарды тиімді пайдалануға, отандық спортшыларды қолдауға және қаржы процестерінің ашықтығын арттыруға бағытталған.