Қоғам

Астанада былтыр 17 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды

Астанада Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2025 жылдың қорытындысы бойынша халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың үшінші тоқсанында Астанадағы жұмыссыздық деңгейі 4,3 пайызды құрап, республикалық көрсеткіштен төмен болған.

«Қазіргі таңда Астанада жұмыссыз ретінде тіркелген 15 068 адам бар, олардың 5 292-сі – жастар. 11 мыңнан астам азамат жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алып отыр, ал 1 947 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуда», – дейді орталық директоры.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен барлығы 17 146 адам қамтылған. Оның ішінде 3 145 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған. Сонымен қатар 3 253 адам қоғамдық жұмыстарға, 1 052 жас жастар практикасына, 260 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген.«Күміс жас» жобасы аясында 798 адам еңбекке тартылған.

Олжас Қобландыұлының айтуынша, кәсіпкерлікке баулу мен оқыту бағытында да нақты нәтижелер бар.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша 3 209 адам оқытылып, 126 азамат жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін мемлекеттік грантқа ие болды. Skills.enbek.kz порталында онлайн-оқытудан 1 969 адам өтті», – деді ол.

Жыл қорытындысында Астанада 84 044 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның 76 544-і тұрақты, ал 7 500-і уақытша жұмыс орындары. ENBEK.KZ порталында 500-ге жуық жұмыс берушіден 4 мыңнан астам бос жұмыс орны тіркелген.

Әлеуметтік осал топтарды қолдау да орталық жұмысының маңызды бағыты болып отыр. 2025 жылдың басынан бері орталыққа 2 091 мүгедектігі бар азамат жүгінген. Соның 810-ы жұмыспен қамтылған.

«Мүгедектігі бар азаматтардың басым бөлігі қоғамдық жұмыстарға, «Бастау Бизнес» жобасына және онлайн-оқытуға тартылды. Бұл – олардың еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік береді», – деп атап өтті Олжас Омар.

Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты да оң динамика байқалады. 2025 жылы АӘК тағайындау үшін 18 548 отбасы өтініш білдіргенімен, соның тек 1 729 отбасына ғана көмек тағайындалған.

«Алдыңғы жылдармен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмекке тәуелділік азайып келеді. Бұл – жұмыспен қамту шараларының тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш», – деді орталық басшысы.

Айта кетейік, 2023 жылы АӘК алу үшін 27 911 отбасы жүгінсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 19 635 отбасыға дейін төмендеген.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button