Астанада Болашақ ойындарына іріктеу басталды

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында «Road to Abu Dhabi» атты іріктеу турнирі басталды. Бұл дода – Қазақстандық командалар үшін 2025 жылы өтетін «Болашақ ойындарына» қатысатын жолдағы маңызды кезең болмақ. Халықаралық фиджитал форматтағы мультиспорттық турнир осы жылдың желтоқсан айында Абу-Даби қаласында өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Өтіп жатқан турнир Абу-Дабидегі Болашақ ойындарына іріктеудің ең маңызды кезеңі. Биыл желтоқсан айында ұйымдастырылатын іс-шараға Қазақстаннан 3 команда қатысады. Біріншісі Қазан қаласында өткен турнирінің фиджитал шутер бағытының жеңімпазы, тағы екеуі осы турнирдің нәтижесінде анықталады», – деді «Болашақ ойындары 2026» халықаралық көпсалалы фиджитал форматындағы турнирін ұйыдастыру және өткіуе дирексиясының басшысы Әлібек Хасенов.
Іріктеу турнирі 21–26 шілде аралығында жалғасады. Нәтижесінде Қазақстан атынан Болашақ ойындарына жолдама алатын екі команда анықталады. Жеңімпаздар фиджитал футбол және фиджитал баскетбол дисциплиналары бойынша іріктеледі.
Бұл – бүкіл әлемде жылдам дамып келе жатқан спорттың жаңа бағыты. Фиджитал спорт– цифрлық (диджитал) және физикалық кезеңдерді біріктіретін формат. Алдымен қатысушылар екі таймнан тұратын компьютерлік ойында бақ сынасады, содан кейін дәл сол есеппен алаңға шығып, тағы екі тайм ойнайды. Алғаш болып жарыс жолына футбол командалары шығады. Абу-Дабиде өнер көрсету құқығын жеңіп алатын фиджитал футбол чемпионы 23 шілде күні белгілі болады. Алаңдағы және киберойын кезеңіндегі ережелер мен стандарттардың сақталуын Қазақстан футбол федерациясының бірінші санатты төрешісі Данат Мұхаметғалиев қадағалайды.
«Бұл – нағыз мини-футбол ережесімен өтетін ойын. Фиджитал спортшыларға классикалық турнирлердегі ойыншылар сияқты барлық шеберлік қажет», – деді Данат Мұхаметғалиев.
«Болашақ ойындары» фиджитал спорт тұжырымдамасындағы тұңғыш халықаралық көпсалалы турнир 2024 жылы Қазан қаласында өткен болатын. Екіншісі – биыл Абу-Дабиде, ал 2026 жылдың жазында фиджитал спорт жарыстары Астанада өтетін болады.
«Біз бұл турнирге екі командамен келдік, әр ойыншыға мүмкіндік бергіміз келеді. Біздің мақсат – тек жеңіс. Екі дисциплинада да қатысып, Абу-Дабидегі $1 млн жүлде қорына таласуға дайынбыз. Біз үшін фиджитал спорт — жай хобби емес, кәсіби деңгейде әлемдік аренаға шығуға берілген мүмкіндік. Бұрын бұл жігіттердің болашағы бұлыңғыр еді, енді оларда спорттық мансап құруға үміт пайда болды. Біз келесі жылы Астанада өтетін Болашақ ойындарына да дайындалып жатырмыз. Қазақстанның Орталық Азияда фиджитал спортты дамыту орталығына айналу мүмкіндігі зор деп сенеміз», – деді UEL Team командасының өкілі Евгений Набиуллин.
Айта кетейік, фиджитал футбол жарысы аяқталғаннан кейін турнир фиджитал баскетбол дисциплинасымен жалғасады. Бұл спорт түрі бойынша жеңімпаз сенбі күні, 26 шілдеде өтетін финалдық матчта анықталады.
Көрермендерге кіру тегін. Сағат 10:00-де басталады.
БАҚ өкілдерінің назарына, турнирге аккредитация және ақпараттық қолдау бойынша байланыс төмендегі нөмір бойынша жүргізіледі: +7 701 777 2311.