Астанада Бірыңғай есеп беру күні өтті

Елордада бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қоғамдастық алдындағы Бірыңғай есеп беру күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – бизнес пен мемлекеттік органдар арасында тиімді диалог орнату, кәсіпкерлерге қолдау көрсету және құқықбұзушылықтардың алдын алу. Кездесуге мемлекеттік органдардың басшылары мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында кәсіпкерлерге заңнамалардағы жаңашылдықтар, жиі кездесетін құқықбұзушылықтар және олардың алдын алу шаралары түсіндірілді. Мемлекеттік орган өкілдері құқықтық статистика, өрт қауіпсіздігі, санитарлық нормалар, салық салу және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы бағыттары бойынша баяндама жасады.
Сондай-ақ Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Женіс Тайшытаев та баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға талдау ұсынып, ерекше назар аударуды қажет ететін проблемалық мәселелерді атап өтті.
Мұндай іс-шаралар бизнес пен мемлекет арасында тұрақты диалог орнатуға, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және елорданың іскерлік ахуалын дамытуға ықпал етеді.