Қоғам

Астанада «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы аяқталды

Елордада 27 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында өткен «Бақытты отбасы – бақытты ел» республикалық акциясы өз мәресіне жетті. Акцияның мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу, қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету, сондай-ақ халықтың құқықтық мәдениетін арттыру болды. Бұл туралы қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Алмагүл Исмағұлова мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Акция аясында полицейлер білім беру ұйымдары мен еңбек ұжымдарында құқықтық нормаларды түсіндіруге арналған тақырыптық кездесулер өткізді. Негізгі бағыттардың бірі – қайталанатын зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алу үшін тәуекелдерді бағалау болды.

Бұрын қорғау нұсқамасы шығарылған адамдар арасында құқықбұзушылыққа бейім тұлғаларды анықтау мақсатында құқық қорғау органдары арнайы сауалнамалар жүргізді.

«Мұндай тәсіл қауіп деңгейін дәлірек анықтауға және құқықбұзушыға қатысты дер кезінде шара қабылдауға мүмкіндік береді. Акция басталғалы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейім 1000-нан астам адам мен тұрмысы төмен отбасылар тексерілді. Олардың ішінде шамамен 400-ге жуық қорғау нұсқамасы шығарылып, 200-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді спикер.

Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімі қызметкерлері халық көп жиналатын орындарда түсіндіру іс-шараларын өткізді. Акция барысында тұрғындарға зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша 1500-ден астам жадынама, брошюра және буклет таратылды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button