Астанада ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтеді

Астанада 4-10 шілде аралығында жастар, жасөсіпірімдер және қыздар арасында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтеді. Азияның 25 елінен келген 300-ден астам жас спортшының басын қосқан жарыс «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінің аренасында ұйымдастырылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл беделді құрлықтық чемпионатқа Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Тайланд, Оңтүстік Корея, Кувейт және басқа да елдердің өкілдері қатысады. Ең үлкен құрам – Қазақстаннан. Ел намысын 36 спортшы қорғайды.
17-20 жас аралығындағы жас атлеттер ауыр атлетиканың классикалық жаттығулары – жұлқи және серпе көтеру түрінен бақ сынасады. Жеңімпаздар жекелеген жаттығуларда да, қос сайыстың жалпы қорытындысы бойынша да анықталады.
Жарыстың ашылу салтанаты«Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде 4 шілде күні сағат 17.00-де өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін.
Айта кетейік, Қазақстан ауыр атлетикадан ірі халықаралық жарысқа соңғы рет 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында қатысқан болатын. Астанадағы Азия чемпионаты – қазақстандық ауыр атлетиканың жаңа кезеңінің бастамасы. Бұл – отандық спорттағы жүйелі өзгерістердің нәтижесі.
Жаңалықтарды Қазақстан ауыр атлетика федерациясының ресми әлеуметтік желідегі парақшаларынан бақылаңыз: Instagram: @wf_rk; TikTok: @wf_rk.