Астанада автобуспен жүретіндер көбейді

ҚР Президентің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қалада қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Қазір елордада 1700 автобус жұмыс істейді. Бірақ әкім соның өзі қазіргі жағдайда жеткіліксіз екенін айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Біздің есебіміз бойынша дәл бүгінгі таңда тағы қосымша 1 мыңдай автобус керек. Алдағы 2-3 жылда автобустар саны 2500-3000-ға дейін барады. Былтыр күзде күніне қоғамдық көлікпен жүретін елордалықтар саны 850 мың адам еді. Ал биыл күніне 1 млн 150 мың адам автобуспен жүреді. Бұл көрсеткіш күн сайын өсіп отыр. Себебі қазір автобуспен бір жерге бару өте ыңғайлы. Алайда көлік қозғалысының қауырт уақытында автобуста адамдар қатты толып кетеді. Сондықтан олардың санын көбейтіп жатырмыз. Ол жағынан Үкімет бізге «Бәйтерек» холдингі арқылы көмегін беруде. Астанада қоғамдық көлік тасымалын ұйымдастыру бойынша 6-7 компания жұмыс істейді, оның біреуі коммуналдық, қалғандары жекеменшік. Бәрі бірлесіп биыл 422 автобус алды. Келесі жылға 500-дей автобус алуды жоспарлап отыр. Жыл сайын осы деңгейде жұмыс істесек, 2-3 жылда 2 мыңнан асып кетеміз. Еуропада қоғамдық көлікті пайдаланатын адамдар саны жалпы халқының 70-80 пайызын құрайды. Ал елордада 40 пайыздан аспайды, — деді әкім сұраққа жауабында.
Сонымен қатар busline тиімділігіне тоқталды. Автобуспен жүретін азаматтар үшін бұл жолақпен жүру өте қолайлы. Себебі ол жермен жүру жылдамдығы басқаша. Сондықтан әкімдік оның шақырымдарын жыл сайын көбейтіп келеді. Қазір қалада оның ұзындығы – 140 км болса, келесі жылы қосымша 30 км қосылады. Әкім бұл жұмыстар жылда жалғаса беретінін айтты. Оның үстіне ол жұмыстар Астананың Бас жоспары сияқты негізгі құжаттарда қарастырылған.



