
28 шілде мен 1 тамыз аралығында Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Астананы аралады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған сапардың мақсаты – қоғамда деструктивті діни идеялардың таралуының алдын алу және діни экстремизмнің профилактикасы, сондай-ақ халықтың дінтанушылық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік діни саясатқа сәйкес түсіндіру жұмысын жүргізу.
Бұл бағытта 800-ден астам адамды қамтыған 20 іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараларға діни мәселелер жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері шақырылды: дінтанушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Тұрсынғали Әліп; ҚР Президенті жанындағы Жастар кеңесінің мүшесі, дінтанушы, мәдениеттанушы Елнар Берікбаев; «Qamqor Astana» ҚҚ теологы Арман Нұрахметұлы; теолог, «SAPSAN» стратегиялық орталығының директоры Жандәулет Сүлейменов.
Республикалық түсіндіру тобының мүшелері Астана қаласын аралап, халық арасында мына тақырыптарда түсіндіру жүргізді: «Қоғамдағы дінтанушылық сауаттылықтың маңыздылығы», «Теріс діни идеологияға қарсы сын тұрғысынан ойлау қабілетін қалыптастыру», «Қоғамдағы дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дамыту», «Террористік, діни экстремистік және деструктивті әрекеттер үшін құқықтық жауапкершілік», «Жастар арасында медиасауаттылықты арттыру», «Ұлттық құндылықтар – ел болашағы» және т.б.
Қаланы аралау аясында өткен ақпараттық-түсіндіру жұмысы барысында түрлі санаттағы азаматтар, ұйым қызметкерлері, медицина мекемелерінің мамандары, әскери қызметшілер, жастар және басқалар қамтылды.