Астанада ана мен баланың әл-ауқаты басты назарда

Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Астанада ана мен баланың әл-ауқаты басты назарда: репродуктивті денсаулық, қосымша білім беру және жастар спорты талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Күн тәртібінде ана мен баланы қорғау, жастардың денсаулығы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қосымша білім беру және балалар спортының қолжетімділігі сияқты өзекті мәселелер қозғалды.
Отырыста бірқатар мемлекеттік мекеме басшылары мен сала жетекшілері 2025 жылға арналған жоспарларын, статистикалық деректер мен нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәз Досмырзаева репродуктивті денсаулықты қорғау бағытындағы 2025 жылғы жұмыстардың талдауын ұсынды.
«2025 жылдың алғашқы кезеңінде медициналық-санитарлық көмек орталықтарында: психолог мамандарға 2 157 адам, гинекологқа 1 738 адам, дерматовенерологқа 904 адам, әлеуметтік қызметкерге 457 адам, урологқа 1 594 адам, педиатрға 276 адам, терапевтке 1 104 адам, басқа мамандарға 448 адам жүгінген», – деді ол.
Оның сөзінше, 12-18 мамыр аралығында өткізілген «Репродуктивті денсаулық апталығы» аясында238 іс-шара ұйымдастырылып, 8 542 адам қамтылды. Олардың ішінде 4 644-і жасөспірім, 3 898-і жастар, ата-аналар мен педагогтар арасынан – 844 адам тартылды.
«3 554 тегін кеңес беріліп, 44 онлайн шара өткізіліп, әлеуметтік желілерде 26 835 адамға дейін қамту жүзеге асты. Бұқаралық ақпарат құралдарында 135 жарияланым шықты. Бұл көрсеткіштер ақпараттандыру мен профилактикалық жұмыстардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетеді», – деді ол.
Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева балалар мен жасөспірімдердің қосымша біліммен қамтылу көрсеткіші 86,3%-ды құрайтынын айтты. Оның сөзінше, 262,2 мың баланы қамтиды.
«Қалада 13 ұйым, 8 қоғамдық орталық, 132 филиал жұмыс істейді. Олардың қатарында:
«TANYM» креативті технологиялар орталығы, «BILIM PARK» қосымша білім беру орталығы, «SANA» шығармашылық орталығы, «ART IS FOREVER» көркемсурет мұражайы, «KOKTAL JUNIOR HALL» спорттық-шығармашылық орталығы және екі Оқушылар сарайының филиалы бар», – деді ол.
Маржангүл Қайырбаеваның айтуынша, 2029 жылға дейін тағы 15 жаңа нысан салу жоспарланған. Бұл 17 000 баланы қамтитын болады.
«1 маусым күні Ақмола облысы, Ақкөл ауданында орналасқан «Барап» спорттық-сауықтыру орталығы ашылады. Бұл нысанның маусымдық қуаты – 1 400 бала»,- деді Маржангүл Қайырбаева.
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Агзамовтың айтуынша, қалада 19 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі жұмыс істейді.
«62 спорт түрі қамтылған. 8 769 жас спортшы – 405 бапкердің жетекшілігімен жаттығады. Сабақтар тегін өтеді. «Даму Бала» жобасы аясында 24 704 ваучер таратылды, 410 спорт секциясы қызмет көрсетіп жатыр (оның ішінде 339-ы белсенді жұмыс істейді);
Ең танымал бағыттар: шахмат, дзюдо, каратэ, футбол, бокс, көркем гимнастика», – деді ол.