Астанада әлем хореографтары бас қосатын халықаралық фестиваль өтеді
2024 жылғы 7-9 қараша аралығында Қазақ ұлттық хореография академиясында «Temps lié» кәсіби хореографиялық оқу орындарының III халықаралық фестивалі өтеді. Бұл маңызды мәдени оқиға халықаралық аренада хореографиялық өнерді дамытуға және ілгерілетуге, сондай-ақ әртүрлі елдердің хореографиялық мектептері арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Фестиваль көрнекті балет әртістері мен хореографтарды біріктіріп, олар үшін тәжірибе мен шығармашылық жетістіктермен алмасудың бірегей алаңын ұсынады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Фестивальдің салтанатты ашылуы 7 қарашада Astana Ballet театрының сахнасында өтеді. Осы кеште көрермендер Қазақ ұлттық хореография академиясының бірегей қойылымын – «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балетін тамашалай алады. Ұлы Мариус Петипаның Рикардо Дригоның музыкасына жазылған соңғы туындысына негізделген, хореограф Василий Медведевтің редакциясындағы осы шығарма кештің басты оқиғасы болады. Балеттің көрсетілімі Мариус Петипаның туындысының 120 жылдығына арналған, бұл осы оқиғаға ерекше мән береді.
8 қарашада Қазақ ұлттық хореография академиясында әлемдік балет жұлдыздары – Мария театрының прима-балеринасы Диана Вишнева және әйгілі балет әртісі, хореограф Владимир Малаховтың шеберлік сыныптары өтеді. Олардың шеберлік сабақтары жоғары би өнеріне қызығушылық білдірген бірегей мүмкіндік.
Сондай-ақ, 8 қарашада Академияда «Қазіргі білім беру жүйесіндегі хореографиялық мектепті дамыту перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді, оған Академияның отандық және халықаралық серіктестері қатысады. Фестивальдің шарықтау шегі 9 қарашада Astana Ballet сахнасында өтетін Гала-кеш болады. Сахнада екі беделді хореографиялық мектептің — Борис Эйфманның би академиясы және Бейжің би академиясының студенттері өнер көрсетеді. Борис Эйфманның би академиясы адам болмысының мәңгі тақырыптары – сенім, үміт және махаббат туралы баяндайтын «Epiphania» бір актілі балет-спектаклін ұсынады. Бейжің би академиясы көрермендерге «Дивертисмент» бағдарламасын ұсынады, онда Мариус Петипа мен Артур Сент-Леонның классикалық туындылары хореографиялық өнердің сұлулығы мен жан-жақтылығын көрсете отырып, заманауи қойылымдармен үйлеседі.
«Temps lié» фестивалі – бұл би мерекесі ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, халықаралық байланыстар орнату және жаңа шығармашылық идеялармен шабыттандыруға арналған алаң. Қазақ ұлттық хореография академиясы барлық балет өнерін сүйер қауымды осы тамаша оқиғаның бір бөлігі болуға шақырады.