Руханият

Астанада «Абай алдында» кеші өтті

Бүгін елорда әкімдігі айналасындағы амфитеатрда ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай алдында» атты музыкалық-поэтикалық қойылым өтті.

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылары Одағының Астана қалалық  филиалы ұйымдастырған іс-шарада Абайдың өлеңдері оқылып, әндері мен күйлері әуеледі.

Кешті ашып берген аталмыш басқарма басшысы Сәкен Есіркеп жиналған қауымды Абайдың мерейтойымен құттықтап, биыл елордада ұлы ақын мұрасын ұлықтауға бағытталған 140-тас астам іс-шара жоспарланғанын атап өтті. Жыл басынан бері де қаланың оқу ордаларында, мәдениет мекемелерінде, саябақтар секілді көпшілік жиналатын орындарда өтіп келе жатқанын айтты.

«Абайдың туған күні – 10 тамыз екенін білесіздер. Осыған байланысты Астана қаласында әлі де көп іс-шара өтеді. Олар аудандар аумағында, қала театрларында ұйымдастырылады. Барлығын белсене қатысуға шақырамыз. Қаламыздың бір топ қаламгерлері ұлы ақынның басына барып, зиярат етуге, үлкен тойға арнайы делегациямен шыққалы жатыр» деді Сәкен Есіркеп.

Оның сөзін Қазақстан Жазушылары Одағының Астана қалалық  филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жалғады.

«Абай – біздің темірқазығымыз, біздің айнамыз. Сондықтан Абайдың алдында бізге әрдайым есеп беріп отыру керек деп есептеймін. Айнаға қарағанда өзіңнің жақсы жағын да, кем-кетігін де көрінеді ғой. Қай кезде де Абайға оралған сайын ұлт есейе түседі деп есептеймін. Сондықтан Абайға жиі-жиі оралып тұруымыз керек» деді ол.

Іс-шарада Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этнофольклорлық ансамблі Абайдың «Торы жорға» күйін бебеулетті. Осы ұжымның камералық хоры өнер көрсетті.  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рақымқызы «Желсіз түнде жарық айды» әуелетсе, Мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес…» әнімен жиналғандарды ойлантты. Әнші Нұрқанат Тапиев «Көзімнің қарасымен» жүректерді тербеді. Музыкалық жас көрермен театрының актерлері Әлихан Әлішер, Аққанат Қуандықов Абайдың өлеңдері мен философиялық ойларын әсерлі жеткізді.

Ұлы ақын «Жүрегімнің түбіне терең бойла» дегендей, белгілі ғалым Базарбек Атығайдың қаламынан туған, Бақытжан Тәженов режиссерлік еткен кеш арқылы жиналған қауым хакім мұрасына бойлағандай болды.

Аманғали Қалжанов   

фото: Оңалхан Өнерхан

       

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button