Астанада 90 әскери міндетті әскери жиынға шақырылды

Елорданың аумақтық қорғаныс бригадасында запастағы 17 офицер, 73 сержант және қатардағы жауынгерлер он күн бойы қарқынды дайындықтан өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бағдарламаға тактикалық, атыс, саптық, медициналық және инженерлік дайындық сабақтары кіреді. Взводтар мен роталар құрамындағы іс-қимылдарды үйлестіруге, төтенше жағдайлар кезінде міндеттерді орындауға, одан басқа инфрақұрылымның маңызды объектілерін қорғауға ерекше назар аударылады.
– Әскери жиындар – ұлттық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементі. Біз әскери міндеттілердің қызмет барысында алған білімдері мен дағдыларын өзектендіріп қана қоймай, оларды аумақтық қорғаныстың заманауи талаптарына сәйкес әрекет етуге үйретеміз, – деп атап өтті Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Фархат Құрманғажинов.
Жиынға қатысушылар түрлі маман өкілдері: инженерлер, жүргізушілер, педагогтар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер. Олардың бәрі дайындықтан өту және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға үлес қосу үшін жұмыс орындарын уақытша тастады.
Қатысушылар арасында квазимемлекеттік сектордың қызметкері, запастағы аға лейтенант Бауыржан Тәттімбеков те бар. Ол үшін бұл екінші жиын – алғаш рет 2018 жылы Құрлық әскерлерінің әскери институтында өткен жиынға қатысқан.
– Жиын – дағдыларды қалпына келтіруге және жаңа білім алуға тамаша мүмкіндік. Мұндай шара мен үшін елдің қауіпсіздігіне нақты үлес қосудың тәсілі. Біз Отанды кез келген уақытта қорғауға дайын болуымыз керек, – деді Б.Тәттімбеков.
Жиын 17 қыркүйекке дейін жалғасады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскери міндеттілер үшін әскери жиындардан өту кезеңінде жұмыс орны мен орташа жалақы сақталады.