Елорда тынысы

Астанада 50 көше жөнделеді

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жөндеуден өтетін көшелер туралы жазды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Елордада көктем мезгілінен бастап абаттандыру, көгалдандыру және жол жөндеу жұмысына кірістік. Мәселен, биыл шамамен 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Олардың бір бөлігі қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Сонымен қатар қала аумағын абаттандыру кезінде көгалдандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл тағы 1 миллионнан астам жасыл желек (көшет, бұта, ағаш және т.б.) отырғызу жоспарланған.

Сол сияқты жол жөндеу және салу жұмысы да жүріп жатыр. Биыл шамамен 12,5 шақырым жаңа жол салынып, жалпы ұзындығы 58 шақырым болатын 50-ге жуық көше жөнделеді. Бұл жол сапасын арттырып, көлік желісіне түсетін жүктемені азайтуға және қозғалыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Жол жұмысы қаланың барлық ауданында жүріп жатыр.

Негізгі нысандардың бірі:

– Бейсекова көшесі мен Тілендиев даңғылының қиылысындағы жол айрығы. Биыл көпір өткелінің аралық құрылымдары мен жолайырықтарын монтаждау жұмысы аяқталады деп жоспарланып отыр.
– Бұқар жырау көшесі (Жошы хан көшесінен Әл-Фараби даңғылына дейін). Жоба аясында толыққанды жол инфрақұрылымы қарастырылған: жаяу жүргіншілер жолы, жарықтандыру, бағдаршамдар және инженерлік желілер. Бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
– Қайсенов көшесі (Ұлы дала даңғылынан Бұқар жырау көшесіне дейін). Бұл учаскеде толыққанды қозғалыс 2025 жылға жоспарланған.
– Әйтеке би көшесі (Мұхамедханов көшесінен Сығанақ көшесіне дейін).
Ақан сері көшесі (Тілендиев даңғылынан Оқжетпес көшесіне дейін). Қазіргі уақытта инженерлік желілерді орнату жұмысы жүріп жатыр.
– Мұхамедханов көшесі (Қорғалжын тасжолынан Айтматов көшесіне дейін). Құрылыс жұмысы өткен жылы басталған, ал биыл көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл ірі қиылыстардағы кептелісті азайтуға септігін тигізеді.

Бүгінгі жағдай бойынша жалпы ұзындығы 36 шақырым болатын 32 көшеде жөндеу жұмысы толық аяқталды. Қазіргі уақытта ұзындығы 12,5 шақырым болатын тағы 9 көшеде жөндеу-құрылыс жұмысы белсенді жүріп жатыр.

Қазіргі таңда жөндеу жұмысы жүргізілген көшелер:
• Абылай хан даңғылы – А. Пушкин көшесінен Манас көшесіне дейін;
• Бөкеев көшесі – Оқжетпес көшесінің аяғына дейін;
• Талапкер көшесі – Ақан сері көшесінен К.Байсейітова көшесіне дейін;
• Фахд бен Абдул Азиз көшесі – К.Байсейітова көшесінен Ш.Бейсекова көшесіне дейін;
• Алаш тасжолы – 191-көшеден 69-көшеге дейін;
• Сейфуллин көшесі – Сарыарқа даңғылынан Республика даңғылына дейін;
• М.Жұмабаев көшесі – Момышұлы даңғылынан Қошқарбаев даңғылына дейін және т.б.», –деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button