Астанада 3 облыстың жәрмеңкесі өтеді

Астанада 27-28 қыркүйек күндері кезекті аймақтық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Бұл жолы Алматы, Жетісу және Маңғыстау облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жәрмеңкеде ет, балық, сүт өнімдері, бакалея, көкөніс пен жеміс-жидектің алуан түрі ұсынылады. Барлық тауар делдалсыз, тікелей фермерлерден жеткізіледі. Бұл азық-түліктің қолжетімділігін арттыруға әрі отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.
Астанаға шамамен 350 тонна өнім жеткізіледі. Оның ішінде 110 тонна көкөніс, 50 тонна жеміс, 35 тонна ет және ет өнімдері, 20 мың дана жұмыртқа, 14 тонна балық, 10 тонна сүт өнімдері, 6 тонна қант, 6 тонна күріш, 5 тонна бал және 100 тоннадан астам басқа да азық-түлік бар.
Жәрмеңке қонақтары аймақтардан келген өнерпаздардың концерттік бағдарламасын да тамашалай алады. Сауда таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жалғасады.
Айта кетейік, биылғы жәрмеңке дәстүр бойынша «Қазанат» атшабарының автотұрағында (Қарқаралы тас жолы, 1 мекенжайы) өтеді. Іс-шара орнына №18, 37 және 303 автобустары қатынайды.