Астана жастары арасында тазалық тренді қарқын алып келеді
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында Астанада жастар Есіл өзенінің жағалауын тазалау іс-шарасын қатысты. Акцияны «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Тазалық шарасы жағалау бойындағы аумақты, оның ішінде Президент саябағы маңын қамтыды. 100-ден астам қатысушы қыс мезгілінен кейін жиналған қоқысты тазалап, өзен жағасын ретке келтірді.
Іс-шара барысында «Таза Қазақстан» туы салтанатты түрде ашылып, бұл экологиялық маусымның басталғанын және қатысушылардың табиғатты қорғау идеясында біріккенін білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл орын кездейсоқ таңдалмаған. Себебі қар ерігеннен кейін қоқыс көбіне жағалау аймақтарында жиналады. Сонымен қатар шараның негізгі мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың қоршаған ортаның тазалығына деген жауапкершілігін арттыру.
Мәслихат депутаты әрі «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм мұндай экологиялық акциялар жыл бойы жүйелі түрде өтетінін атап өтті.
«Бүгін 100-ге жуық белсенді жас жиналды. Есіл өзенінің бойын тазалап жатырмыз, себебі дәл осы жерде қыс мезгілінен кейін қоқыс көп жиналады. Біздің мақсат – қала тұрғындарына экологиялық мәдениет қалыптастыру. Әркім тазалықты өзінен бастауы керек. Қазір жастар мен қала тұрғындарының сенбіліктерге белсенді қатысып жатқанын көріп отырмыз. Бұл жақсы дәстүрге айналып келеді. Мұндай шаралар – тек тазалық қана емес, сонымен қатар қарым-қатынас, пікір алмасу, нетворкинг алаңы», – деді депутат.

Ал «Жастар Рухы» жастар қанатының белсендісі Наргиз Имантаева осындай игі бастамалардың маңыздылығына тоқталып өтті.
«Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өткіздік. Осындай бастамалар өте маңызды деп есептеймін, өйткені олар қаланы таза етіп қана қоймай, адамдардың жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Тазалық әркімнен басталады, сондықтан баршаңызды осындай акцияларға қатысуға шақырамыз», – деді ол.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын мұндай шараларға белсенді қатысуға үндейді. Себебі қаланың тазалығы – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.



