Басты ақпаратҚала мен сала

Астана – тазалықтың үлгісі

Биыл елордада «Таза Қазақстан» акциясы аясында 800-ден аса экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстарына 627 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты.

Бас қалада бір жыл ішінде 1,1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды. 180-нан аса қоғамдық кеңістік пен аула жаңа сипатта абаттандырылды. Биыл қаладан шамамен 120 мың тоннадай қоқыс шығарылды. Жыл басынан бері 338 заңсыз қоқыс тастау орындары анықталып, олар толықтай жойылды. Ең бастысы, «Таза Қазақстан» акциясы Астанада экологиялық мәдениеттің қалыптасуына зор ықпал етіп, қала тұрғындарының тазалықты қолдайтынын көрсетті.

Соңғы жылдары экология мен ортаның сапасы тек коммуналдық мәселе емес, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігіне айналды. «Таза Қазақстан» жобасының ауқымды қоғамдық қозғалысқа айналуына Мемлекет басшысының саяси және рухани қолдауы айрықша серпін берді. Президент экология мәселесін уақытша науқан емес, ұлттың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс құндылық ретінде бағалады.

«Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан» бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айт­паған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы» деді Президент. Бұл сөз «Таза Қазақстанның» мәнін айқындап қана қоймай, жобаның философиялық өзегін ашып береді. Яғни тазалық – әкімдікке жүктелетін міндет емес, әр азаматтың күнделікті жауапкершілігі. Мемлекет басшысының осы ұстанымы Астанада жүзеге асқан экологиялық бастамалардың қоғамдық қолдауға ие болуына, әсіресе, жастардың белсенді араласуына жол ашты. Осы тұрғыдан алғанда, 2025 жылы елордада жүзеге асқан республикалық «Таза Қазақстан» жобасы Астананың даму тарихындағы елеулі кезеңдердің бірі болды. Жоба бір жылдық сенбілік немесе науқандық шара емес, қаланың экологиялық болмысын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған жүйелі бастама ретінде ­танылды.

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов 2025 жылдың қорытындысы бойынша жобаның нәтижелерін жариялай отырып, «Таза Қазақстан» елорданың тек сыртқы келбетін жақсартумен шектелмей, тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастыруға ықпал еткенін де атап өтті. Расында, бастама қалалық басқару философиясына, тұрғындардың күнделікті әдетіне, билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынасқа жаңа мазмұн қосты.

Экология – қала дамуының өзегі

Астана – жас қала. Бірақ жылдам дамыған сайын экологиялық салмақ та артты: тұрмыс қалдықтарының көбеюі, жасыл желек тапшылығы, су нысандарының ластануы, аула мен қоғамдық кеңістіктердің күтімсіз қалуы – мұның бәрі мегаполиске тән ортақ проблемалар. «Таза Қазақстан» жобасы осы түйткілдерді бір арнаға тоғыстырып, оларды жүйелі түрде шешуге бағытталды.

Биыл бас қалада 800-ден астам экологиялық іс-шара өтті. Бұл – сенбіліктер, тазалық акция­лары, экологиялық форумдар, жастар мен еріктілердің бастамалары, кәсіп­орындар мен білім беру ұйым­дарының қатысуымен өткен кешенді шаралар. Ең бастысы, оған 627 мыңнан астам қала тұрғыны атсалысты. Яғни Астананың әрбір үшінші тұрғыны экологиялық бастаманың тікелей қатысушысына айналды. Бұл көрсеткіш «Таза Қазақстанның» әкімдік бастамасынан қоғамдық қозғалыс деңгейіне көтерілгенін көрсетеді.

Экологиялық саясаттың тиімділігі көбіне нақты нәтижемен өлшенеді. Бұл тұрғыда 2025 жылғы көрсеткіштер жобаның қағаз жүзіндегі ұран емес, іске асқан нақты жұмыс екенін дәлелдейді.

Жыл ішінде елордадан шамамен 120 мың тонна қоқыс шығарылды. Бұл тек қоқысты жинау ғана емес, аула аумақтарын, саябақтар мен гүлзарларды, тарихи-мәдени нысандарды, жағалаулар мен қоғамдық кеңістіктерді кешенді тазалау­ды қамтыды. Қаланың негізгі санитарлық тазалық бағыттары бойынша 100 пайыз қамту қамтамасыз етілді.

2025 жылы Астанада рұқсатсыз қоқыс тастауға қарсы жү­йелі жұмыс күшейді. Жыл басынан бері елордада 338 заңсыз қоқыс орны анықталып, толық жойылды. Барлық ауданда күн сайын мониторинг жүргізіліп, заңсыз қоқыс ошағы тазартылды. Сонымен қатар iKomek жүйесі арқылы құрылыс қалдықтарын заңсыз төгу деректері анықталып, рейдтер ұйым­дастырылды. 11 айда рұқсатсыз қоқыс төккені үшін ондаған жүргізуші мен мыңдаған құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Арна тазалау аса маңызды

Елорданың экологиялық жағдайында су нысандары әрдайым өзекті мәселе болып келгені белгілі. 2025 жылы бұл бағытқа арнайы назар аударылды. Есіл өзені, Нұра-Есіл, Ақбұлақ, Сарыбұлақ каналдары, сондай-ақ Кіші Талдыкөл жүйесі биомелиорация технологияларын қолдану арқылы тазартылды. Нәтижесінде су айдындарынан 3 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Бұл – жай ғана санитарлық тазалау емес, экожүйені қалпына келтіруге бағытталған, ғылыми негізделген жұмыс. Биомелиорация арқылы судағы органикалық ластағыштар азайып, тірі ағзалардың табиғи тепе-тең­дігіне жағдай жасалды. Су нысандарының тазалануы – қала микро­климатына және тұрғындардың демалыс сапасына тікелей әсер ететін фактор. Бұл тұрғыда «Таза Қазақстан» жобасы экологияны ұзақмерзімді стратегия деңгейіне көтерді.

Миллионнан астам көшет

Астананың климаттық ерекшелігін ескерсек, жасыл желек – әсемдік үшін ғана емес, тіршілік үшін қажет экологиялық қорған. 2025 жылы елордада 1,1 миллионнан астам өсімдік отырғызылды. Оның ішінде ірі ағаштар мен көпжылдық бұталарға басымдық берілді. Бұған қоса, қалада 180-нен аса қоғамдық кеңістік пен ауланы абаттандыру жұмысы қауырт істелді. Бұл шешім кездейсоқ емес. Көпжылдық өсімдіктер топырақты бекітеді, шаңды ұстайды, желді тежейді және қаланың экожүйесін тұрақтандырады. Сонымен қатар жаңа парк, аллея, жағалау, даңғылдарды абаттандыру жұмысы жүргізілді. Жасыл аймақтардың көбеюі қала тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, Астананың сәулет бейнесіне де жаңа тыныс берді.

«Таза Қазақстан» жобасының маңызды жаңалығының бірі – арнайы чат-боттың іске қосылуы. Цифрлық құрал тұрғындарды экология мен абаттандыру мәселелеріне тікелей тартуға мүмкіндік берді.

Жоба басталғалы бері чат-ботқа шамамен 3600 өтініш түскен. Соның 89 пайызы орындалған. Бұл – билік пен тұрғындар арасындағы кері байланыс­тың нақты нәтижесі.

Чат-боттың артықшылығы – жеделдік пен ашықтық. Қала тұрғыны мәселені нақты уақыт режимінде хабарлап, оның шешілу барысын бақылай алады. Мұндай механизм азаматтардың «менің дауысым естіледі» деген сенімін күшейтеді және жеке жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады.

«Таза Қазақстанның» Астанаға берген ең үлкен олжасы – экологиялық мәдениеттің қалыптасуы. Қоқысты сұрыптау, қоғам мүлкін сақтау, табиғатқа ұқыпты қарау – мұның бәрі бір күнде орнығатын әдет емес. Алайда биылғы жұмыс осы бағытта нақты ілгерілеу бар екенін көрсетті. Экология тақырыбы мектептер мен ЖОО-ларда, еңбек ұжымдарында, аула деңгейінде талқылана бастады. Еріктілер қозғалысы күшейді. Кәсіпкерлер мен құрылыс компаниялары абаттандыруға жа­уапкершілікпен қарай бастады.

Шаһарымызда жүзеге асқан «Таза Қазақстан» жобасының түпкі мәні – қаланы бір мезет тазалау емес, елордалық өмір салтын жаңғырту, ортақ жа­уапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Елордада атқарылған экологиялық, абаттандыру және қоғамдық қатысуға негізделген жұмыстар Қазақстанның болашағы таза кеңістіктен, тәртіпті ортадан басталатынын айқын көрсетті. Осы орайда Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде айт­қан сөзі Астанадағы өзге­рістердің идеологиялық өзегін дөп басады: «Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қас­терлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатыр­мыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңыздар. Сонда Қазақстанымыз да әділетті, таза, қауіпсіз және өркендеген озық ел болмақ» деді Қасым-­Жомарт Тоқаев. Бұл үндеу Астана үшін айрықша маңызға ие. Өйткені елорда – мемлекеттің бет-бейнесі, қоғамдағы тәртіп пен мәдениеттің айнасы. Биыл Астанада іске асқан «Таза Қазақстан» бастамасы Президент айтқан әділетті, таза және қауіпсіз қоғам құру идеясының нақты көрінісіне айналды. Ендеше елорданың тазалығы – елдің тағдырына деген жауапкершіліктің өлшемі. Астанада басталған бұл мәдениет әр үйден, әр ауладан, әр азаматтың ішкі ұстанымынан нәр алғанда ғана «Таза Қазақстан» ұраны шын мәніндегі ұлттық өмір салтына айналмақ.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

фото: Сұлтан СЕЙІТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button