«Астана Тазалық» БАҚ өкілдері мен блогерлер арасында байқау жариялады

«Астана Тазалық» ЖШС БАҚ өкілдері мен блогерлер арасында байқау жариялады. Жалпы жүлде қоры – 4 миллион теңге, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Таза сана – таза қала» байқауы «Жұмысшы мамандықтар жылын» қолдау мақсатында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай өткізіледі.
Байқаудың басты мақсаты – елордадағы тазалық пен тәртіпті күн сайын қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін насихаттау. Байқау «Жұмысшы мамандықтар жылының» аясында жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға, сондай-ақ, Астана қаласының, оның шет аймақтары мен елді мекендерінің санитариялық жағдайын қамтамасыз ету тақырыбын ашуға бағытталған.
Бұл – қоқысты жинау және шығару, көшелерді, жолдарды, алаңдарды, тротуарлар мен басқа да қоғамдық орындарды қолмен және механикалық тазалау, су басқан аумақтардан суды шығару (жылжымалы сорғы қондырғыларын пайдалану арқылы), елді мекендерден қарды қала сыртындағы арнайы қар полигондарына шығару сияқты жұмыстарды қамтиды.
Байқауға отандық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері мен блогерлер қатыса алады.
Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:
«Үздік телевизиялық материал»;
«Әлеуметтік желілердегі үздік жарияланым»;
«Баспа басылымындағы үздік мақала»;
«Интернет басылымдағы үздік жарияланым».
Байқауға 2025 жылғы 1 қараша мен 10 желтоқсан аралығында мемлекеттік немесе орыс тілінде шыққан материалдар қабылданады. Байқауға ұсынылатын материалдар саны шектелмеген.
Жұмыстарды тәуелсіз комиссия бағалайды. Комиссия құрамына коммуналдық сала мамандары мен тәжірибелі журналистер кіреді.
Қазылар алқасы төмендегі критерийлерге сүйене отырып бағалайды:
берілген тақырыптың өзектілігі және сәйкестігі;
тақырыпты ашу тереңдігі және ұсынылған ақпараттың шынайылығы;
баяндау стилі;
авторлық пайымның бірегейлігі.
Байқауға қатысу үшін материалдар келесі электронды пошта арқылы қабылданады: astana_tazalyk@mail.ru. Байланыс нөмірі: +7 700 259 2188.
Жұмыстарды қабылдау уақыты: 2025 жылғы 10 желтоқсан, сағат 18:00-ге дейін (Астана уақытымен).
Байқау қорытындысы 2025 жылғы 12-13 желтоқсанда аралығында жарияланады.
Жалпы жүлде қоры – 4 миллион теңге.
 
				


