Қоғам

Астана құрамасы ел чемпионатында үздік үштікке енді

«Арғымақ» ат спорттық-сауықтыру кешенінде көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегерлерін – Астана қаласының спортшыларын ұлықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
4-11 қазан аралығында Шымкент қаласында өткен көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының XXIV чемпионатында астаналық команда 13 жыл үзілістен кейін қайтадан жүлдегерлер қатарына қосылды.
Биылғы бәсекеде 15 команда бақ сынады.
Елорда өкілдеріне дода оңай соққан жоқ.
Топтық кезеңде олар Қостанай облысын және былтырғы қола жүлдегер әрі фаворит саналатын Түркістан облысын 3:2 есебімен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда ел чемпионы – Жамбыл облысынан 0:4 есебімен ұтылса, үшінші орын үшін өткен кездесуде Қызылорда облысын 3:2 есебімен жеңіп, қола жүлдені иеленді.
Айта кетсек, 2012 жылы Өскеменде өткен Қазақстан чемпионатында дәл осы құрам финалда Жамбыл облысын 8:1 есебімен жеңіп, чемпион атанған еді. Сол кездесуде команда сапынан Арслан Қабжанов алты салым салса, Александр Пупенко мен Бауыржан Айтмағамбетов бір-бір салымнан енгізген болатын.
«16 жасымнан бері көкпармен кәсіби түрде айналысып келемін. Осы 22 жыл ішінде Қазақстан және әлем чемпионы атанып үлгердім. Көкпарда нәтижеге жету үшін шабандоз бен аттың дайындығы аса маңызды. Біз бұл чемпионатта әмбебап Қостанай жылқысымен сынға түстік.
Тынымсыз еңбек пен тәжірибенің арқасында қола жүлдеге ие болдық. Әрине, бұл оңай болған жоқ. Көкпар — тізе, бел, арқа жарақаты жиі кездесетін спорт түрі. Кәсіби спортшылардың бәрінде өзіндік жарақат бар», – деді Астана командасының үздік шабуылшыларының бірі Александр Пупенко.
Елорда командасының жетістігіне үлес қосқан маңызды факторлардың бірі – «Саян» атты сәйгүлік. Бұл ат чемпионаттың «Үздік жекпе-жек аты» атағына ие болды. Сондай-ақ, жасы 50-ге таяған тәжірибелі көкпаршы Қазбек Амангелдиновтің де еңбегі зор.
«Жігіттердің дайындығы мен күш-жігерінің арқасында жүлдеге қол жеткіздік. Команда құрамында көкпармен көп жылдан бері айналысып жүрген ойыншылар бар. Биыл қатарымызға төрт жас шабандозды қостық.
Жетістікке жетуімізге ықпал еткен факторлардың бірі – Солтүстік Қазақстан өңірінде ұйымдастырылған арнайы лига. Өткен жылы дәл осы жарыстың арқасында Астана құрамасы жасақталған болатын. Енді тоқмейілсімей, дайындықты жалғастырып, бұдан да жоғары нәтижеге жетуді мақсат етеміз», – деді Астана командасының бас жаттықтырушысы Ерлан Қанапин.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге ие болғаны үшін Астана құрамасына 2 250 000 теңге көлемінде сыйақы табысталды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button