Астана – Отанымыздың жүрегі

1997 жылы 10 желтоқсанда ел астанасы Алматыдан Ақмолаға көшті. Астананың Алматыдан Арқаға, Есілдің жағасына көшуі еліміз үшін, қазақ халқы үшін стратегиялық, саяси және өркениеттік маңызы бар шешім болды. Бұл қадам елдің геосаяси орталығын күшейтіп, мемлекеттілікті жаңа кеңістікке шығарды, ұлттың тарихи тамыры мен рухани тұтастығын қайта бейнеледі. Солтүстік өңірдің демографиялық, экономикалық, инфрақұрылымдық дамуына серпін беріп, жаңа саяси-әкімшілік орталықтың қалыптасуына негіз қалады. Ең бастысы, Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне баланған жаңа Астана елдің жаңғыруының, жасампаз рухының, мемлекет құрушы ұлттың болашаққа деген сенімінің тірегіне айналды.
ЕЛОРДАНЫҢ ТАРИХИ КҮНІ
Осы бір айтулы күннің құрметіне орай 10 желтоқсанда Астанада Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Арқа төсіндегі ару қала – Астана» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуде қала тарихы мен елорданың қалыптасу кезеңдері туралы мазмұнды әңгімелер қозғалып, қатысушылар ел астанасының Алматыдан Ақмолаға көшірілуінің мәні мен маңызына тоқталды.
Кездесуді ұйымдастырған кітапхана қызметкері Сағыныш Сейдахметова елорда тарихын жастарға жеткізудің маңызын айта келіп: – Мен көшпен бірге Астанаға келген жастардың бірімін. Біз келгенде ат құлағы көрінбейтін ақтүтек бораны, сақылдаған сары аязымен қарсы алған шағын қала бүгін адам танымастай өзгеріп, бас қаламыз еліміздегі ең керемет әсем қаланың біріне айналды. Астананың осындай деңгейге жетуінде халқымыздың «ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деп, дербес елдікке талпынған берік сенімі аса маңызды рөл атқарды. Бүгін сол бір айтулы сәттің куәгерлерін шақырып, жастардың құлағында жүрсін, білсін деген мақсатпен осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз, – деді.
Осыдан кейін сөз кезегі арнайы шақырылған спикерлерге берілді.
Отаншылдық сезім өрге сүйреді
– Мен Астанаға алғаш келген журналистердің бірімін. Бір күні Қазақ радиосының бас директоры телефон шалып: «Ғалия апай, Ақмола Қазақстанның астанасы болайын деп жатыр, бәріміз үлес қосуымыз керек. Егер мүмкіндік болса, сол жаққа барасыз ба?» деген ұсыныс айтты. Ол кезде мен Павлодар облысы бойынша Қазақ радиосының меншікті тілшісі едім. Ол кезде барлық өңірлерде тілшілер қосыны қысқарып, қаржы мен назар жаңа астанаға бағытталып жатқан шақ еді. Мен ішімнен: «Солтүстікте жаңа астана бой көтергелі жатыр. Неге мен өз үлесімді қоспаймын?» деп ойладым. Отбасыммен ақылдаса отырып, Павлодардағы үйімізді сатып, Ақмоладан баспана алуға бел будық. Келгенде балаларым Ақмоланың бет-бейнесін көріп шошып кетті. «Мама, қайда келдік? Қайтайық» деді. «Жоқ, біз Астананы бірге құруымыз керек» деп келте қайырдым. Маған күш бітірген, жігер берген отаншылдық сезім еді.

Көп уақыт өтпей, Қазақстанның түкпір-түкпірінен журналистер келді. 10 желтоқсанда Ақмола елорда атанып, Астананың төрінде көк ту желбірегенін өз көзімізбен көрдік. Сақылдаған сары аяздағы сол бір сәт, сол күн есімнен ешқашан кетпейді. Сол бір тарихи сәттен қазақ радиосында репортаж жасадым. Соған қуанамын. Көп ұзамай астана туралы журналистерге арналған байқау өтті. Тақырыбы есімде толық жоқ, бірақ сол конкурста жеңімпаз атанып, әдемі картинаға ие болдым. Ол картина қазір де төрімде тұр.
Астанаға келген соң бірқатар авторлық хабарлар дайындадым: «Астана және астаналықтар» атты жарты сағаттық бағдарлама, «Өнерім – өмірім» деген әдеби-мәдени хабар, «Көзқарас» атты саяси бағдарлама. Күнделікті маңызды тақырыптарды қозғап отырдым. Иә, біз астананы құруға шамамыз келгенше үлес қостық. Сол кезең – өмірімнің ең жауапты, ең күрделі әрі мақтанышпен еске алатын шағы, – деді «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Ғалия Балтабай.
Сонымен қатар, ол алғаш көшіп келген кезде Астанаға келген азаматтардың жалақы төмен болғандықтан тұрмыстан да қиналғанын айтып, өзінің де балаларын асырау үшін таң бозынан тұрып, бәліш, шелпек пісіріп, оны таңғы базарға апарып сатып күн көргенін де әсерлі әңгімемен жеткізді.
Жүрекке қуат, жанға шуақ сыйлайды
– 1997 жылдың желтоқсан айының бір күнінде Аяған Сандыбай ағамыз телефон шалып, «Сәдібек, бауырым, жаңа елордамыз Ақмола қаласының әкімдігіне бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орната алатын және қала әкімінің баспасөз хатшысы жұмысын жоғары кәсіби деңгейде жүргізе алатын тәжірибелі маман қажет. Байқау жарияланып қойды. Үміткерлер көп. Мен осы қызметке сенің кандидатураңды сырттай ұсынып қойдым. Мүмкін бағыңды сынап көрерсің?» дегені. Міне, осы қоңырау менің өміріме үлкен өзгеріс әкелді. Көп өтпей Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы атандым. Бұл жұмыс Астанадағы барлық өзгерістердің куәсі болуыма үлкен мүмкіндік берді.

Баршаға мәлім, алғаш астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіргенде, көп адамның көкейінде «Ақмола астана болуға лайық па?» деген күдікті сауал тұрды. Мәскеулік және отандық ақпарат құралдарында жаңа қала туралы небір сыни материалдар жарық көріп, гуілдесіп жатқан кез. Біздің мақсатымыз қоғамды астанаға қатысты күмәнді ойлардан тазартып, елорда туралы жаңа, жақсы пікір қалыптастыру, жағымды имиджін жасау еді.
1998 жылдың 4 сәуірі күні Астана қаласының қазіргі халықаралық баспасөз орталығының негізі қаланды. Менің басшылығыммен және тікелей ұйымдастыруыммен үш жыл ішінде бұл орталықта бір мыңнан астам баспасөз мәслихаттары мен брифингтер өтті. Бұл журналистер ұйымы алғашқы күннен бастап бүкіл журналистер қауымының басын біріктіріп, жақсы істердің жаршысы, ауқымды ақпараттық шаралардың ұйытқысы бола білді. Әлемнің талай алпауыт басылымдары мен электронды ақпарат құралдарының тілшілері осы баспасөз орталығында бас қосып, тәуелсіз Қазақстан туралы, оның жас астанасы жөнінде мәліметтер алып, дүние жүзінің түкпір-түкпіріне ақпараттар таратты.
1998 жылдың 9 маусымында түркі тілдес елдер басшыларының бесінші саммиті Астанада жоғары деңгейде өтті. Ал 1998 жылдың 10 маусымы күні тәуелсіз Қазақстан Республикасының елордасы ретінде Астана қаласының халықаралық тұсаукесері дүркіреп өтті. Мен соның ортасында болған куәгерлердің бірімін.
Ал қазір біздің Астана қаласының даңғылдары, көшелері, әсем ғимараттары, кешендері, тұрғын үйлері, демалыс орындары, архитектурасы – бәрі-бәрі таңғажайып. Қарай бергің келеді. Иә, қазақтың кең даласы – Сарыарқаның төріндегі әсем қала – Астанамыз гүлденіп, құлпырып тұр. Астананы көрген сайын көңілімді қуаныш, жүрегімді мақтаныш сезімі кернейді, – деп ой бөлісті жазушы, публицист, Ұлттық ат спорты федерациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәдібек Түгел.
Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласып, спикерлер студенттердің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ ұлттық құндылықты сақтаудың мән-маңызы туралы да келелі кеңес айтылды.
Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



