Астана мен Токио: ынтымақтастық артады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапары барысында Токио губернаторы Юрико Коикэмен кездесу өткізді. Кездесу аясында Астана мен Токио арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юрико Коикэ кездесу барысында цифрландыру, Smart city технологияларын және қаланы орнықты дамыту, жасанды интеллект, шаһарды басқару ісіне инновациялық шешімдерді енгізу салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар мегаполистердің тұрғындары мен қонақтары үшін анағұрлым жайлы, экологиялық тұрғыдан таза, қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыру жайын қарастырды. Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Токио губернаторы Юрико Коикэ Қазақстан және Жапония астаналары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Мемлекет басшысы қаланы басқару ісіне жасанды интеллектіні енгізу бойынша екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екеніне тоқталды. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Токио қаласының Smart city тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды, шаһарды басқару тиімділігін арттыруды және орнықты даму үшін озық технологияларды пайдалануды көздейді.



