Астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту туралы заң жобасы мақұлданды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары палатаның жалпы отырысында “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Заң жобасында бірқатар негізгі өзгерістер қарастырылған. Атап айтқанда, қалалардың сыртқы келбетін жақсартатын дизайн-кодты бекіту бойынша республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттарының құзыретін кеңейтетін норма енгізіледі. Сондай-ақ әкімдіктер сауда дүңгіршегі секілді стационарға жатпайтын объектілерді орналастыру қағидасын әзірлеу бойынша өкілеттікке ие болмақ. Қоғамдық орындардағы аудио жарнамаға, тротуарлардың, веложолдар мен автожолдардың бетіне көрнекі жарнама орналастыруға шектеу қойылады.
Қалалық инфрақұрылым саласында қолайлы ортаны қамтамасыз ету, тұрғын аудандарда қорғаныс конструкцияларын орнату мен қалалық аумақтарды тазалау үшін заңды тұлғаларды айқындау қағидасы енгізіледі.
Елорданың жасыл белдеуін сақтауға ерекше көңіл бөлінбек. Экологияға зиян келтіретін қызметтерге, мысалы, мал жаюға немесе қоқыс үюге тыйым салатын мемлекеттік заңды тұлға басқаратын санитарлық-қорғау жасыл аймағы құрылады.
Түзетулердің енгізілуі қалалардың орнықты дамып, халыққа жайлы болуына, барлық тұрғынға бірдей қолайлы жағдай туғызуға ықпал етпек.