Астана мектептерінде «Jas Leader Akademiiasy» жүзеге асырылып жатыр

Астана қаласының №№7, 14, 22, 26, 30, 32, 35, 40, 43, 51, 69, 74, 76, 85, 86, 87, 95, 103 білім беру ұйымдарында «Болат Өтемұратов Қоры» жекеменшік қорының бастамасымен «Jas Leader Akademiiasy» жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жоба 2023-2024 оқу жылынан бастап қолға алынып, биылғы оқу жылында 18 мектепті қамтыды. Аталған білім беру ұйымдарында 49 педагог-тренер арнайы даярлық курсынан өтіп, 1524 оқушы жобаға белсенді қатысуда.
Жобаның негізгі мақсаты – 5-11 сыныптың білім алушыларына көшбасшылық қасиеттер мен икемді дағдыларды (soft skills), сондай-ақ оқушыларды қарым-қатынас негіздеріне, сыни тұрғыдан ойлауға, көпшілік алдында сөйлеу және келіссөздер жүргізу дағдыларын тиімді пайдалануға үйрету.
Жоба аясында факультативтік сабақтар, ай сайынғы кездесулер, шеберлік сыныптары, танымал тұлғалардың қатысуымен көшбасшылықты дамытуға арналған тренингтер, конференциялар жоспарланған.
2025 жылғы 12-16 шілде аралығында Алматы қаласында «Jas Leader Akademiiasy» жобасының қатысушыларына арналған жыл сайынғы форум өтті. Форум барысында үздік нәтижелер көрсеткен мектептер мен педагогтар марапатталды. Астана қаласының педагогтары келесі жетістіктерімен ерекшеленді.
№32 мектеп-гимназиясы – «Ең үздік жобаны жүзеге асырған мектеп» номинациясының жеңімпазы атанып, 1 000 000 теңге көлемінде сыйақыға ие болды.
Жоба жетекшілері – Жадыра Қалменова және Тойгүл Қасмақасова.
№103 мектептің педагогы Ботагөз Шапишева – «Үздік тренер» номинациясының иегері.
№22 мектеп-гимназиясы – «Үздік жоба» номинациясына лайық деп танылды.
«Jas Leader Akademiiasy» жобасы – болашақ көшбасшыларды тәрбиелеуге бағытталған, оқушылардың тұлғалық дамуына серпін беретін маңызды бастама. Жоба аясында алған білімдері мен дағдылары жастардың болашағына үлкен әсер ететіні сөзсіз.