«Астана – күй қанатында»

Елордада ұлттық домбыра дәстүрін дәріптеуге арналған күй анасы Дина Нұрпейісова атындағы III қалалық «Астана – күй қанатында» домбырашы-күйшілер фестивалі өтті. Достық үйінде осынау маңызды мәдени іс-шараның қорытындысы шығарылды. Фестиваль «Күй анасы» республикалық қорының бастамасымен және Астана қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының қолдауымен өтті. Биылғы байқауға 14-18 және 19-35 жас аралығындағы 76 үміткер қатысып, бақ сынады.
«Бұл фестиваль – жас домбырашылардың өнерін шыңдауға үлкен мүмкіндік беретін маңызды алаң. Қатысушылардың орындаушылық деңгейі жылдан жылға өсіп келеді. Күй – ұлттың жаны, ал бүгінгі ұрпақтың осы өнерге деген талпынысы бізді қуантады. Биыл байқауға студенттермен қатар бакалавриат пен магистратурада оқитын орындаушылардың қосылуы, сондай-ақ Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасынан үзінді оқу ұсынылуы өнерпаздардың шығармашылық ой-өрісін тереңірек бағалауға жол ашты. Келер жылы бұл байқауды республика көлемінде өткізуді ұйғарып отырмыз» дейді республикалық «Күй анасы» қоғамдық қорының басшысы, профессор Төлеген Қуанышев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль жас орындаушылардың шығармашылық дамуын қолдап қана қоймай, ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыруға да зор үлес қосқан. Қонақтар қазақтың күйшілік мұрасын жас таланттардың орындауында тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Байқау нәтижесіне сәйкес, 14-18 жас аралығында бірінші орынды Дәуір Рахметулла, екінші орынды Айнара Мұхтарова, ал үшінші орынды Таймас Даму иеленді. Ал 19-35 жас санатында бірінші орын Аяулым Асқарбаеваға, екінші орын Дана Дидарға, үшінші орын Думан Ақанға бұйырды.
«Байқауға қатысып, жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Мен алты жасымнан бері домбыра тартамын. Осындай додада өнер көрсетуге мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін» деді байқаудың жеңімпазы Аяулым Асқарбаева.



