«Астана» командасы «Зимбрумен» тең түсті

UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінде бүгін қазақстандық «Астана» Молдованың «Зимбру» командасына қарсы алғашқы ойынын өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жанкүйерлер молдовалық команда жөнінде түрлі болжам жасаған еді. Елордалық клуб жарыстың келесі сатысына ешқандай қиналмастан шығады деген болжам айтқандар болды. Десе де ойын барысында молдовалық футболшылар «Астанаға» қарсы жинақы қимыл көрсетті.
Алғашқы минуттан елордалық команда ойын тізгінін өз қолында ұстауға тырысты. Қос қанаттан жиі шабуыл ұйымдастырып, жылдам гол соғуға күш салды. Дегенмен бұл мақсатына жете алған жоқ. Есесіне өз қақпасына 45-минутта гол жіберіп алды. Оны Гай Дахан өзінің еншісіне жазды.
Екінші кезеңде 56-минутта «Астана» сапынан Иван Башич таразы басын теңестірді.
Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдіріп тарасты.
Қарымта кездесу 31 шілде күні өткізіледі.
Енді Конференция лигасында «Ақтөбе» өз алаңында Чехияның «Спарта» (Прага) командасымен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде алматылық «Қайрат» Финляндияның «КуПС» командасына есе жіберді.