Ел тынысы
Астана көшелерінде жол қозғалысының қауіпсіздігі қалай сақталады?

Астана қаласында 2026 жылдың қаңтар айында 159 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Махамбет Төлешов мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Спикердің айтуынша, көлік апаттарының негізгі себептері – жол қозғалысы ережелерін сақтамауы болып отыр. Жаяу жүргіншілер жиі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтеді, тіпті көрінетін жерде жабдықталған жаяу жүргіншілер өткелі болса да. Жүргізушілер жылдамдық режимін бұзады, маневр жасау және қиылыстардан өту ережелерін сақтамайды, қарсы жолаққа шығуы мүмкін және жол белгілері мен жолақтарды елемейді.
«Жол-көлік апаттарын азайту және жағдайды тұрақтандыру мақсатында кешенді алдын алу шаралары жүзеге асырылуда. Мас күйде көлік жүргізетін жүргізушілерді анықтауға бағытталған. Демалыс және мереке күндері мақсатты рейдтік іс-шаралар өткізіледі. 2026 жылдың 5 ақпан айындағы жағдай бойынша 190-нан астам мас жүргізуші ұсталып, көлік жүргізу құқығынан айырылды және әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар, бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған 43 адам көлік жүргізгені анықталды», – дейді спикер.
Жүйелі түрде «Қауіпсіз жол», «Жалған нөмір», «Автобус», апталық «Мас жүргізуші» рейдтері және «Жаяу жүргінші» сияқты жедел профилактикалық шаралар жүргізілуде. Жаяу жүргіншілерге қатысты 2 175 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұндай шаралар алдын алу сипатында болып, жол-көлік оқиғаларын төмендетуге бағытталған.
Жол қозғалысын қауіпсіз ету үшін 94 көше-жол торабы тексеріліп, 900-ден астам техникалық және ұйымдастырушылық кемшіліктер анықталды. Жұмыс әкімдік және мердігер ұйымдарымен бірлесе жүргізілуде. Тексерістер нәтижесінде 100-ден астам кемшілікті жою шаралары қабылданды.
Күнделікті негізде жол жағдайы талданып, ең проблемалық учаскелер мен қиылыстар анықталады. Мысалы, Байтұрсынов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысында жаңа бағдаршам режимі енгізілді, бұл оң және солға бұрылуларды бір фазада орындауға мүмкіндік беріп, көлік ағындары арасындағы қақтығыстарды болдырмайды.
Қабылданған шараларға қарамастан, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторы – әр қатысушының жеке жауапкершілігі. Жол қозғалысы ережелерін саналы түрде сақтау ғана апаттылық деңгейін төмендетіп, адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді.



