Астанадағы машина жасау саласының дамуы талқыланды

Astana Invest фронт-офисінде қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов австриялық Steyr Automotive GmbH машина жасау компаниясының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Оның аясында инвесторларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары, жеңілдіктер мен преференциялар туралы ақпарат ұсынылды. Тараптар Астанадағы машина жасау саласының дамуын талқылады.
Steyr Automotive GmbH коммерциялық көліктер, келісімшарттық автоөнеркәсіп, инженерлік қызметтер, сондай-ақ коммуналдық техникаға арналған арнайы қондырмалар шығаруға мамандандырылған.
Компания Штайрда жүк көліктерін жасау дәстүрінің құқықтық мұрагері болып табылады. Онда автомобиль өндірісі 100 жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келеді. Бұрынғы MAN зауыты 2021 жылы қайта құрылымдалғаннан кейін кәсіпорын Steyr Automotive брендімен жұмысын жалғастырып, жеке австриялық басқаруда болды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.



