Басты ақпаратЕл тынысы

Астана – Хельсинки: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға бірінші рет ресми сапармен келген Финляндия Президенті Александр Стуббқа сый-құрмет көрсетті. Жоғары деңгейдегі келіссөздерге дейін Ақорда резиденциясында Финляндия Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Протокол тәртібіне сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Екі елдің әнұрандары орындалғаннан кейін президенттер шағын құрамда кездесу өткізді.

Серіктестікке шынайы мүдделілік

«Сіздің сапарыңыз – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа әрі өзара түсіністікке негізделген ықпалдастық орнаған. Екі елдің ортасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Дегенмен инвес­тиция және сауда салаларында бірқатар мүмкіндік бар. Сіздің бастамаңызбен өтіп жатқан бизнес-форумның орны ерекше. Бүгін аталған жиынға қатысамын. Бұл кәсіпкерлеріміздің іскерлік байланыстарды өріс­тетуіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұдан бөлек, гуманитарлық ынтымақтас­тыққа айрықша мән береміз. Қазақстандықтар Финляндияны, сіздердің салт-дәстүрлеріңіз бен мәдениеттеріңізді құрметтейді. Көптеген отандасымыз Сіздің елге турист ретінде жиі барады. Сапарыңыз мемлекеттер арасындағы серіктестікті нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін» деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Александр Стубб қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, бұл сапарды асыға күткенін айтты. «Бұл менің Қазақстанға үшінші мәрте келуім. Алғаш рет 2008 жылы мен Сыртқы істер министрі, ал сіз Сенат спикері лауазымын атқарған кезде жүздескен едік. Бұл жолы екі бағытқа баса назар аударамыз деп ойлаймын. Бірінші – өзара қарым-қатынас және іскерлік байланыстар. Бүгін Финляндиядан үлкен делегация келді. Оның құрамында 20-дан астам ірі компанияның өкілдері бар. Астана көшелерінен Isku және Honkarakenne сияқты танымал фин брендтерін көрдім. Бұл бізді қуантады. Келіссөздің екінші бағыты – сыртқы саясат және қауіпсіздік. Біршама мәселе бойынша ұстанымдарымыз ортақ, күрделі халықаралық жағдайлардың шешімін табуға бірлесе ұмтыламыз» деді Финляндия Президенті.

Бұдан кейін Қазақстан мен Финляндия президенттерінің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен одан әрі жалғасты. Президенттің айтуынша, Финляндия Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропа Одағындағы басты сауда серіктесі саналады. Мемлекет басшысы Финляндияның таза энергетика, технология, цифрлық инновация, экологиялық жауапкершілік, басқару, білім беру және адам капиталы бағыттарындағы жоғары стандарттары әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті. Аталған салалардағы Финляндияның жетістіктері көптеген елге, соның ішінде Қазақстанға да үлгі. «Сіздің басшылығыңыз­бен Финляндия Еуропада, сондай-ақ әлемде сындарлы рөл атқарады. Мемлекеттік ұстанымыңыз бен құндылықтарға беріктігіңіз Финляндияны дүние жүзіне үлгілі ел ретінде танытып отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан Финляндиямен достық қарым-қатынасқа баса мән береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға әзірміз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл ретте Үкіметаралық комиссия­сының жұмысы маңызды рөл атқарады. Президент фин делегациясының құрамында бизнес өкілдерінің болуы Хельсинкидің өзара серіктестікті тереңдетуге шынайы мүдделі екенін көрсетеді деп санайды. Еліміз Финляндия компанияларымен бірлескен жобалардың жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев фин бизнесмендерін Орталық Азияның кең нарығына шығу үшін Қазақстанда шетел инвесторларына жасалатын қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды.

Александр Стубб фин компаниялары Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. «Бүгінгі кездесулерге дайындық барысында делегациядағы кәсіпкерлердің бірі «Қазақстандағы өзгерістің бәрі жедел жүріп жатқанын түсіну керек. Сондықтан баяу қимылдап, бюрократияға жол беруге болмайды» деді. Бұл – дамудың даңғылына түскен елдеріміз үшін қуанарлық жағдай» деді Финляндия Президенті. Сондай-ақ тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Ықпалдастықтың соны мүмкіндіктері

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб «Қазақстан – Финляндия» бизнес форумына қатысты. Мемлекет басшысы Финляндия Президентінің Астанаға ресми сапары еларалық қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. «Бүгін Президент Александр Стуббпен жүргізген келіссөз барысында Қазақстан мен Финляндия арасындағы серіктестікті кеңейтуге және дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге ниетті екенімізді растадық. Былтыр Финляндияның Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы 80 пайыздан асып, жалпы есебі жарты миллиард долларға жуықтады. Финляндия инновация және технология салаларындағы көшбасшылығымен дамыған елдердің бірі ретінде әлдеқашан мойындалған. KONE, Nokia, Fortum секілді компаниялар – ел жетістігінің ең жарқын үлгілерінің бірі. Олар одан әрі өркендеуге ықпал етіп, новаторлардың жаңа буынын ынталандырды. Бүгінде Қазақстанда фин тарапының қатысуымен 50-ге жуық компания табысты жұмыс істейді. Олардың арасында Tikkurila, Wärtsilä, Nurminen, Metso, Valtra, Peikko және басқа да әлемге танымал брендтер бар. Қазақстан осы серіктестікті кеңейтуге, сондай-ақ еліміздегі фин инвестициясының және іскерлік тобының артуына бейіл» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент биылғы үшінші тоқсанда Қазақстан экономикасы 6,3 пайызға артқанын, бұл ірі халықаралық ұйымдардың жаһандық өсім болжамынан шамамен екі есе артық екенін айтты. Ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллардан асады деп күтілуде. «Жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші бойынша Қазақстан ТМД, тіпті одан тысқары елдер арасында бірінші орынға ие. Дегенмен бұл көрсеткіш Финляндиядан үш есе төмен. Еліміздің сыртқы сауда көлемі 140 миллиард доллардан асты. Бұл да осы аймақтағы ең жоғары нәтиже саналады. Негізгі серіктесіміз – Еуропа Одағымен өзара сауда көлемі 50 миллиард долларға жуықтады. Шағын және орта кәсіпорындар ұлттық дамудың іргетасы болып отыр. Экономикадағы оның үлесі шамамен 40 пайызды құрады. Біз бұл прогреске экономикада, сонымен бірге саясатта кешенді реформалар жүргізу арқылы толық қолдау көрсетіп отырмыз» деді Президент.

Мемлекет басшысы UNCTAD мәліметі бойынша, кейінгі бір жылда теңізге шығар жолы жоқ елдер арасында жаңа жобаларға салынған барлық инвестицияның 80 пайызға жуығы Қазақстанға тартылғанын, еліміздің үлесіне құны 1 миллиард доллардан асатын жобалардың бестен бір бөлігі тиесілі екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар перспективті салаларына назар аударды. «Еуразияның қақ төрінде орналасқан Қазақстан – Шығыс пен Батысты жалғас­тыратын стратегиялық аймақ. Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы еліміздің аумағымен өтеді. Бұл құрлықтағы қатынастың маңыз­ды күретамыры саналады. Жұртшылық Орта дәліз деп танитын, яғни Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыта отырып, Қазақстан құрлықаралық сауданың орталық арнасы ретіндегі рөлін нығайта түседі. Орта дәліздің әлеуетін одан әрі ұлғайту үшін біз транзит ағынын оңтайландыру мен үйлестіруге арналған Smart Cargo бірегей цифрлық басқару платформасын іске қосамыз. Осы ретте аймақта тиімді мультимодальді көлік желісін құрған Nurminen Logistics фин компаниясының күш-жігерін жоғары бағалаймыз» деді ­Қазақстан Президенті.

ТИІМДІ КӨЛІК ДӘЛІЗІ

Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан кейін еліміз Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарын белсенді түрде жаңғыртып жатқанына тоқталды. Жылына 240 мың контейнер өткізу мүмкіндігі бар Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысының алғашқы кезеңін биыл аяқтау жоспарланған. «Біз тәжірибе мен озық технологиялық шешімдерді алмасу арқылы Хельсинки және Хамина-Котка секілді фин порттарымен ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтыламыз. Бұл елдеріміз арасындағы ықпалдас­тықтың жаңа бағыты болмақ. Фин компанияларын Еуропа мен Орталық Азия арасында тиімді және орнықты көлік байланысын орнатуға үлес қосып, күш жұмылдыруға шақырамыз» деді Мемлекет басшысы.

Президент атом қуатын еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық стратегиясының маңызды тірегі санайды. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай әлемде уранға сұраныс 28 пайызға өседі, ал 2040 жылға қарай екі есе артады. «Еліміз жаһандық ірі уран өндірушілердің бірі саналады, яғни әлемдік сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Финляндияның Радиациялық және ядролық қауіпсіздік басқармасы (STUK) ядролық отынды бейбіт мақсатта пайдалану әрі тәжірибе алмасу бойынша серіктестік орнатты. Біз бұл ынтымақтас­тықты құптаймыз. Осы орайда Суомидің қауіпсіздік және орнықты ядролық шешімдеріне арқа сүйей отырып, ядролық қалдықтарды басқару бойынша бірлесе әрекет етуге әзірміз. Сонымен қатар Қазақстан көмір энергетикасы саласында таза, тиімді әрі экологиялық шешімдер қабылдауға ұмтылады. Біздің стратегиямыз шығарындыларды барынша азайту үшін заманауи технологияларды енгізуге және өнеркәсіптің, әсіресе, электр энергиясы өндірісінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Сондықтан біз келешегі зор ынтымақтастыққа фин сарапшыларының қатысуын қуаттаймыз» деді Қасым-­Жомарт Тоқаев.

СЕНІМДІ НЫҒАЙТУ ЖОЛЫ

Мемлекет басшысы елімізде инновациялық гибридті энергетикалық жүйе мен электр энергиясы өндірісінің икемді технологиясын енгізген Финляндияның Wärtsilä компаниясына алғыс айтты. Президент Қазақстанда энергияның дәстүрлі көздерінен бөлек, пайдалы қазбалардың мол қоры бар екенін атап өтті. Олардың көбі әлі игерілмеген. «Еліміз сирек кездесетін әрі Еуропа Одағы экономикасы үшін аса маңызды саналатын 34 элементтің 21 түрін өндіреді. Біз нақты прагматикалық әдіске жүгінеміз: шикізатты инвестиция мен технологияға алмастырамыз. Финляндияның Metso компаниясы минералды шикізатты өңдеу және өндірісті автоматтандыру салаларында озық шешімдер ұсынып жатыр. Осы бағыттағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүмкіндік мол екенін байқаймыз» деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Финляндия іскерлік топтарын «Астана» халықаралық қаржы орталығымен байланыс орнатуға шақырды. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану салаларындағы бірлескен бастамаларды кеңейтуде мол әлеует бар екенін атап өтті. «Елімізде ауа сапасын болжаудың озық моделін пайдаланатын SILAM жүйесі табысты жұмыс істеп тұр. Орман шаруашылығында да айтарлықтай перспектива бар. Біз ағаш кесудің экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тәсілдерін ілгерілетуге, кәсіби даярлау бағдарламаларын әзірлеуге және ағаш өңдеуде заманауи технологияларды енгізуге баса мән береміз» деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің фин компанияларына сенімді әрі ұзақмерзімді серіктес болуға ұмтылатынын айтты. «Бүгінгі кездесу – экономикалық байланыстарымызды нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл форумда жай ғана келісімдер жасалмайды. Кәсіпкерлер, инженерлер және озық ойлы азаматтар арасында байланыс орнатылып, сенім нығаяды» деді Мемлекет басшысы.

Финляндия Президенті қазақстандық кәсіпкерлер жұмысының тиімділігін, сондай-ақ екі ел бизнес құрылымдарының арасында өзара сенім бар екенін атап өтті. «Біз құбылмалы, болашақты болжау қиынға соғатын, күрделі геоэкономикалық әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай кезде бизнес шын мәнінде тұрақтылықты қажет етеді. Бүгін Қазақстан мен Финляндия арасында саяси деңгейде келісімдер жасалды. Ал осындай уағдаластықтар тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, өзара түсіністік жөніндегі меморандумдарға қол қойып, құжаттар алмастық» деді Александр Стубб.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button