«Астана» футбол клубын қандай бетбұрыс күтіп тұр?

2026 жылғы маусымда «Астана» футбол клубы Sport Qory спортты дамыту қоры тарапынан едәуір қаржылық қолдауға үміт артып отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
ASnews.kz хабарлағандай, жалпы қаржыландыру көлемі шамамен үш миллиард теңгені құрауы мүмкін.
Бұл қаражаттың елеулі бөлігі ойыншылар, бапкерлер штабы және клуб қызметкерлері алдындағы жиналып қалған міндеттемелерді өтеуге жұмсалады. Қарыздың жалпы көлемі бір миллиард теңгеден асып, бірнеше айлық еңбекақы мен 2024 және 2025 маусымдарының сыйақыларын қамтиды.
Қаржылық қиындықтарға байланысты клуб басшылығы қатаң шараларға баруға мәжбүр болды. Атап айтқанда, Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Макс Эбонг Болгарияның ЦСКА (София) клубына сатылды, ал бірқатар футболшылар жалақы қорын оңтайландыру мақсатында командадан кетті.
Сонымен қатар, «Астана» әлеуетті стратегиялық инвестормен келіссөздер жүргізіп жатыр. Клубты жаңа меншік иелеріне беру үшін басты талап – қарыздардың толық жойылуы болмақ. Ықтимал инвесторлардың қатарында белгілі қазақстандық кәсіпкер Айдын Рахимбаев өкілдік ететін BI Group компаниясы аталады.
Өткен жылдың желтоқсанында астаналық клуб оқу-жаттығу жиындарын Астанада өткізуден бас тартқан еді, алайда ақпанда команда жаңа маусымға дайындықтың соңғы кезеңін өткізу үшін БАӘ-ге жол тартады.
2025 жылғы Қазақстан чемпионаты қорытындысы бойынша «Астана» 57 ұпай жинап, күміс жүлдеге ие болды. Спорттық жетістікке қарамастан, маусым аяқталысымен клуб бірден күрделі қаржылық қиындықтарға тап болып, олардың шешімі қазір мәреге жетіп қалды.



