Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астана – даму мен жаңару жолында

Жүйелі жұмыс – нақты нәтиже

Жыл өткен сайын сәулеті мен дәулеті қатар дамыған Астана – халық саны тұрақты артып келе жатқан қала. Сондықтан елордада бірінші кезекте әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше маңыз беріледі. Өткен оқу жылында Астанада рекордты көлемде, яғни 24 мектеп салынып, пайдалануға берілсе, соңғы жылдары 21 медициналық нысан халық игілігіне айналды. Кеше Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорданың тыныс-тіршілігі туралы жан-жақты баяндап берді.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Қала басшысы 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерге тоқталып, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті.

Әкімнің айтуынша, 2025 жылы Астана қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, көлік жүйесін дамыту және әлеуметтік нысандар салу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен балабақшалар пайдалануға беріліп, денсаулық сақтау және спорт инфрақұрылымы кеңейтілді. Сонымен қатар, жол-көлік желісін жақсарту мақсатында бірқатар  жол учаскелері іске қосылды.

Қала әкімі 2026 жылға арналған жоспарларға да тоқталды. Оның айтуынша, алдағы жылы әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, инвестиция тартуға және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға басымдық беріледі. Әсіресе, мектептер мен медициналық нысандардың құрылысын жалғастыру, қоғамдық көлікті жаңарту және абаттандыру жұмыстарын күшейту көзделген.

Абаттанған аумақ көбейді

Астанада 2025 жылы 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақ, гүлзар, желекжол) абаттандырылды. Қаланы абаттандыру жұмысымен қатар ауқымды көгалдандыру да жүргізілді. Биыл қала аумағында 1,1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды.

Әкімнің айтуынша, абаттандыру жұмыстары Астана қаласының барлық ауданын қамтыды. Мәселен, Ататүрік атындағы саябақтың жағалауы тас жағалау технологиясын қолдану арқылы жаңартылды. Бұл аумақтың сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, жағалауды судың шайылуынан қорғауға және суға жақын аумақты қауіпсіз етуге мүмкіндік берді.

– Бейбітшілік пен келісім саябағында «Өмір ағашы» монументінің күмбезін қоса алғанда, бірегей арт-инсталляциялар орнатылды. Мәмбетов көшесі бірыңғай сәулеттік стильде абаттандырылды, сол сияқты «Тұлпар» сауда үйінің алдындағы сквер жаңартылды. Сонымен қатар магистральді көшелер – Мәңгілік ел, Абай, Нәжімеденов, Түркістан көшелерін абаттандыру жұмысы қатар жүргізіліп жатыр. Біз кедергісіз орта қалыптастыруға көштік: ыңғайлы әрі қауіпсіз тротуарлар мен өткелдер жасалуда. Триатлон паркінің маңындағы жағалауды қайта жаңғырту жалғасуда: серуендеуге арналған жаңа орындар, спорт аймақтары ашылып, ірі ағаштар отырғызылып жатыр, – деді Жеңіс Қасымбек.

Астана әкімі GreenLine жаңа жаяу жүргіншілер желекжолының жүзеге асырылу барысы туралы да айтып өтті. Жалпы ұзындығы 3 шақырымнан асатын бұл желекжол Төле би көшесінен Айтматов көшесіне дейін созылады. Жоба екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезең – Әнет баба көшесінен Күлтегін көшесіне дейінгі аумақ толық аяқталды. Мұнда ірі ағаштар отырғызылып, тоғандар жүйесі жасалды, сондай-ақ ойын және спорт алаңдары абаттандырылды.

Сондай-ақ Астанада Жүргенов көшесі абаттандырылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай Сарайшық ауданында жаңа «Жұмысшы мамандықтар аллеясы» салынды. Аллея аумағында балалар ойын алаңы мен жаттығу құрылғылары орнатылып, ағаштар отырғызылды, жергілікті суару жүйесі жүргізілді. Үйдің қасбетіне жұмысшы мамандық иелеріне арналған мурал салынды, тақырыптық инсталляциялар орнатылды және басқа да абаттандыру элементтері жүзеге асырылды. Ал Алматы ауданында жалпы аумағы 25 000 шаршы метрді құрайтын Күйшілер аллеясына ауқымды қайта жаңғырту жүргізілді. Мұнда ойын алаңдары, жаттығу және воркаут аймақтары жасалып, орындықтар орнатылды, кешенді көгалдандыру жүргізілді, заманауи суару жүйесі орнатылып, автотұрақ аумағы кеңейтілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылы ауқымды жоба – Мыңжылдық аллеясын іске асыруды бастаймыз. Оның тұжырымдамасы транзиттік көлік қозғалысынан тыс, серуендеуге, спортпен шұғылдануға және демалуға қолайлы 4 шақырымдық желілік саябақ құруға негізделген. Жоба бірнеше кезеңге бөлінген: алғашқы кезең белсенді түрде дамып жатқан тұрғын үй кешендері орналасқан аумақтарды қамтиды; сонымен қатар «Нұрлы жол» вокзалы маңында маңызды тартымды орынға айналатын вокзал маңы саябағын іске асыру жоспарланып отыр» деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Әкімнің сөзінше, алдағы уақытта Мыңжылдық аллеясы бірнеше жыл бойы кезең-кезеңімен дамитын болады. Бұл ретте негізгі идея – үздіксіз жасыл маршрут қалыптастыру, заманауи қоғамдық кеңістіктерді, кедергісіз ортаны, автономды дренаж жүйесін және көгалдандыруды сақтау көзделеді. Мыңжылдық аллеясы қаланың жаңа осіне айналып, негізгі аудандарды өзара байланыстырып, елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы, заманауи әрі экологиялық кеңістік қалыптастырады.

Жаңа инфрақұрылымдар салынады

Жеңіс Қасымбек брифингте елордада инфрақұрылымды дамыту мақсатында тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің бірқатар нысаны салынып жатқанын атап өтті.

– Бұл нысандар қаланың жылу және электр қуатын, сондай-ақ сумен қамту мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді. Осыған дейін сорғы-сүзгі станциясы (ССС-3), газбен жұмыс істейтін жылу станциялары, электр қосалқы станциясы және басқа да нысандар салынып, пайдалануға берілген болатын, – деді қала әкімі.

Осыған дейін үшінші ауыз су станциясының (ССС-3) және Астана су қоймасынан тартылған екінші су құбыры желісі құрылысының аяқталуы нәтижесінде қалаға тәулігіне қосымша 100 мың куб метрден астам ауыз су жеткізілді. Қазіргі уақытта профицит көлемі тәулігіне 60 мың куб метрден асады. Биыл ССС-4 станциясының құрылысы басталды, ол қаланы алдағы онжылдықтар бойы тұрақты сумен қамтамасыз ететін болады (ары қарай ССС-3 станциясын кеңейту жоспарланып отыр). Сонымен қатар кәріз-тазарту құрылысының (КТҚ-1) қуаты ұлғайтылуда, сол сияқты КТҚ-2 құрылысы басталды. Сондай-ақ қалада Көктал, Өндіріс елді мекендерінде және Индустрия­лық паркте жергілікті тазарту құрылысын салу жобаларын іске асыру қолға алынды. Аталған жобаларды 2028-2029 жж дейін аяқтау жоспарланып отыр, нәтижесінде су бұру мәселесі толық шешіледі.

«Жаңа жылу көздерін іске қосу нәтижесінде жылу жүйесінің қуаты 34%-ға артты, артық қуат көлемі сағатына 500 гигакалорияны құрайды. Қазіргі жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Мәселен, бүгінгі күні ауа температурасы -20°C болған кезде жылу қорының профицит мөлшері сағатына 1500 Гкал/сағ жетіп отыр. Жылу қуатын сақтау үшін «Тельман» жаңа газ жылу станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ЖЭО-2-ні кеңейтуге дайындық басталып, ЖЭО-3-тің екінші кезегін жобалау жұмысы қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елорданы газдандыру жұмысы аяқталуға жақын. Қамту деңгейі 95%-ға жетті, газ 14 елді мекенге тартылды. Келесі жылы бұл көрсеткішті 100%-ға жеткіземіз» деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Әлеуметтік нысандардың әлеуеті артады

Астанада қаланың дамуы аясында әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы жылдары Астанада 21 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Олардың қатарында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы, сондай-ақ тұрғындарға қадамдық қолжетімділікте қамтамасыз ету үшін ашылған емханалар жанындағы 19 филиал бар. Баспасөз мәслихатында қала әкімі бас қалада алдағы уақытта қандай медициналық нысандар салынатынын мәлім етті.

«Халық санының жыл сайын артуына байланысты медициналық мекемелерге деген сұраныс та өсіп келеді. Осы мәселені шешу үшін Есіл мен Нұра аудандарында екі емхананың, Алматы ауданында перинаталдық орталықтың, жаңа көпбейінді қалалық аурухананың, сондай-ақ Есіл ауданында балаларға арналған травматологиялық пункттің құрылысын бастаймыз. Қалалық №2 аурухананың қабылдау-диагностикалық кешенінің құрылысы аяқталу үстінде. Сонымен қатар Сарыарқа ауданында перинаталдық орталық салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жылдың соңына дейін «Нұрлы жол» вокзалы маңында бір ауысымда 350 адам қабылдай алатын жекеменшік емхананы ашу жоспарланып отыр. Бұл медициналық мекеме мемлекеттік тапсырыс аясында тұрғындарды қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деді Жеңіс Қасымбек.

Әкімнің айтуынша, алдағы үш жылда елордада денсаулық сақтау саласына қатысты 11 нысанның құрылысы жоспарланған. Олардың қатарында Алматы ауданында салынатын перинаталдық орталық, жаңа заманауи көпбейінді аурухана, 6 жаңа толық форматтағы емхана (оның 2-еуі мемлекеттік), сондай-ақ жедел медициналық жәрдемнің 3 қосалқы станция­сы бар.

Экономикалық өсім бар

Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында биыл барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасты. Жыл басынан бері қысқамерзімді экономикалық индикатор 118,6 пайызды құрап, бұл көрсеткіш республика бойынша ең жоғары деңгейде тіркелді.

Қала басшысының айтуынша, елорда экономикасына тартылған инвестиция көлемі 2,1 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 23,6 пайызға өскен. Инвестицияның басым бөлігі, яғни 66 пайызы – жеке сектордың үлесінде. Бұл бизнес өкілдерінің Астана экономикасына деген сенімі мен іскерлік белсенділіктің артқанын көрсетеді.

– Шағын және орта бизнес қала экономикасының негізгі тірегіне айналып отыр. Қазіргі таңда ШОБ саласы қаладағы жұмыс орындарының 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Биылдың өзінде 73 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,3 пайызға дейін төмендеді. Сондай-ақ 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл ел бойынша берілген тұрғын үй көлемінің ¼. Жыл соңына дейін 5 млн шаршы метр тұрғын үй іске қосылады, – деді әкім баспасөз конференциясы барысында.

Әкімнің айтуынша, аталған нәтижелер елорданың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың жемісі болып отыр.

Сонымен қатар қала әкімі заңсыз салынатын құрылыс­тардың жолын кесу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, рұқсатсыз құрылысқа тосқауыл қою үшін айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қажет. Жеңіс Қасымбек бұл талап қала құрылысы нормаларын сақтау мен тәртіпті күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Алдағы жылы 12 мектеп ашылады

Елордада әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, Оқушылар сарайы, медициналық мекемелер, спорттық нысандар және өзге де әлеуметтік нысандар бар.

«Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша рекордты көлемде мектеп салынып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 66 мың оқушыға арналған 24 оқу орны ашылды. Осы 24 мектептің 16-сы Мемлекет басшысының «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Жаңа оқу жылының басынан бері тағы 9 мектеп өз жұмысын бастады. Ал келесі жылы тағы 12 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр» деді Астана қаласының әкімі.

Сонымен қатар елордада мемлекеттік балабақшалардың құрылысы қайта жанданды. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 4 балабақшаны пайдалануға беру көзделіп отыр. Ал келесі жылы тағы 5 балабақша ашу жоспарланған, олардың қатарында жекеменшік балабақшалар да бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қосымша білім беру нысандары да салынып жатыр. Мәселен, Мұхамедханов көшесінде орналасқан TANYM жаңа Оқушылар сарайы ашылуға дайын. Сол сияқты келесі жылы тағы екі TANYM Art Оқушылар сарайы (Ақан сері көшесі мен С189 көшесінде) және TANYM Sport Оқушылар сарайы (М.Төлебаев көшесінде) ашылады.

Интеллектуалды көлік жүйесі дамиды 

Сонымен қатар баспасөз мәслихатында қала әкімі көлік инфрақұрылымын цифр­ландыру мәселесіне де тоқталды. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, елордада интеллектуалды көлік жүйесін дамытуға ерекше назар аударылып отыр.

Әкімнің мәліметінше, қазіргі таңда қаладағы бағдаршамдардың 40 пайызы автоматты режимде жұмыс істейді. 2027 жылға қарай Астана көлікті басқарудың интеллектуал­ды жүйесіне толыққанды көш­пек. Бұл жүйе үздік әлемдік тәжірибелерге негізделіп, жол қозғалысын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Smart city жобасы аясында қауіпсіздікті күшейту және жедел әрекет ету мақсатында бейнеаналитикасы бар 20 мың камера орнатылып жатыр. Қазіргі таңда қаладағы әрбір екінші қылмыс бейнебақылау камераларының көмегімен ашылады. Интеллектуалды көлік жүйесі мен Smart city шешімдері қаланы басқарудың бірыңғай цифрлық платформасына біріктіріледі.

Әкімнің сөзінше, бұл шаралар жолдардағы жүктемені азайтып, тұрғындар үшін қозғалысты ыңғайлы, жылдам әрі қауіпсіз ететін заманауи экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Тынысты кеңейткен «Таза Қазақстан»

Әкімнің айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында елордада 325 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылып, 120 мың тоннадан астам қалдық шығарылған. Қалдықтарды шығарудың цифрлық мониторинг жүйесі енгізіліп, тұрғындардың шағымы 99 пайызға азайған. Сондай-ақ 2026 жылдың екінші тоқсанында шетелдік инвесторлармен бірлесіп, тәулігіне 2 250 тоннаға дейін қоқыс өңдейтін және электр энергиясын өндіретін зауыттың құрылысы басталып, нысан 2028 жылы іске қосылады. Кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы үш жылда атмосфераға шығарылатын зиянды заттар көлемі 32 пайызға төмендеген.

Баспасөз мәслихатында Жеңіс Қасымбек қаладағы негізгі проблемалар ретінде инженерлік желілердің тозуы мен көлік жүктемесінің артуын атап өтті. Сондай-ақ балабақша орындарының жетіспеушілігі мен заңсыз құрылыс салуды тізгіндеу мәселелерін шешу үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанын айтты. Әкімнің сөзінше, елордада су және энергия тапшылығы жоқ.

Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Астананың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін барлық негізгі бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру, көлік жүктемесін азайту және экологиялық жағдайды жақсарту елорда тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған негізгі басымдықтар болып қала береді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

фото: Сұлтан Сейіт

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button