Astana CUP жеңімпазы – «Пахтакор»

Астана қаласы әкімдігі мен Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен халықаралық Astana Cup 2025 турнирі өтіп, оған 2014 жылғы жасөспірімдер командалары қатысты.
Тартысты додаға Тбилисидің «Динамо», Бакудің «Қарабах», Ташкенттің «Пахтакор», Душанбенің «Динамо», Бішкектің «Абдыш-ата», Мәскеудің «Спартак» және Қазақстанның
түкпір-түкпірінен жиналған командалар қатысып, жалпы саны 16 команда бақ сынады.
Жарыс ұйымдастырушысы болған Астана қаласы әкімдігінің «№8 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебі» КММ директоры Еркебұлан Жомартұлы турнирдің дәстүрге айналғанын, ал биылғы жарыс Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналғанын атап өтті.
Жартылай финалда «Спартак» пен «Пахтакор» кездесті. Ойынның алғашқы голын мәскеулік команда соққанмен, тайм соңында өзбектер есепті теңестірді. Матч жеңімпазы пенальти сериясында анықталды – «Спартак» бір соққысын жүзеге асыра алмай, «Пахтакор» финалға жолдама алды. Екінші жартылай финалда «Айбын» мен «Астана» күш сынасты. Астаналықтар сенімді ойын көрсетіп, 3:0 есебімен жеңіске жетіп, финалға өтті. Үшінші орын үшін матчта «Спартак» пен «Айбын» кездесті.
Мәскеу командасы ойын тізгінін өз қолына алып, 6:0 есебімен басым түсіп, турнирдің қола жүлдесін иеленді. Шешуші ойында «Астана» мен «Пахтакор» кездесіп, тартысты матч көрсетті. Алайда шабуыл мүмкіндігін тиімді пайдаланған ташкенттік клуб 2:0 есебімен жеңіске жетіп, Astana Cup 2025 чемпионы атанды. Осылайша, «Пахтакор» командасы – чемпион, «Астана» – күміс жүлдегер, ал «Спартак» (Мәскеу) қола жүлдегер атанды.



