АСТАНА – ЧЕМПИОН

0 121

d76f2c933d73173565957291910befdc

Футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында біріншілік аяқталмай-ақ жеңімпаз команда анықталды. «Қайсар» командасын 3:0 есебімен ұтқан «Астана» 2014 жылғы Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. Алдағы жылы «Астана» Еуропаның Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайтын болады.

Осыған дейін күміс те, қола жүлдені де қанжығасына байлаған астаналық клуб өз тарихында тұңғыш рет алтын медаль иегері атанып отыр. «Астана Арена» стадионында өткен 31-інші тур ойынында Қызылорда футболшыларын қабылдаған «Астана» командасы қарсыластар қақпасына жауапсыз үш доп соғып, әлі де алтыннан дәмелі болып жүрген «Қайраттың» үмітін біржола үзді. Олай дейтініміз, алматылықтар соңғы ойында «Ақтөбе» командасынан 0:1 есебімен ұтылып қалды. Осылайша екі үздіктің арасында төрт ұпай алшақтық пайда болды. Бұл – енді «Астанаға» ешкім жете алмайды деген сөз. Ал күміс пен қола жүлденің тағдыры соңғы турда шешілетін болады.

Премьер-лигамен қоштасатын Семейдің «Спартак» командасы бола ма деп ойлаймыз. Ал бірінші лиганың екінші орын алған командасымен плей-офф ойындарын өткізетін командалардың қатарында «Жетісу», «Тараз» және «Тобыл» бар. Сұрмергендер бәсекесінде әзірге қарсыластар қақпасын 15 рет дәл көздеген «астаналық» Фокси Кетевоама болып отыр.

16

Соңғы турда, яғни, 9 қараша күні «Қайрат» –  «Астана», «Ордабасы» – «Ақтөбе», «Қайсар» – «Шахтер», «Тараз» – «Спартак», «Атырау» – «Тобыл», «Жетісу» – «Ертіс» командалары өзара кездеседі. Ал оған дейін 5 қараша күні Еуропа лигасындағы ойындарға байланысты өткізілмей қалған «Ақтөбе» – «Астана» матчы өтетін болады.

Қазақстан чемпионатының бірінші лигасынан жоғары топқа Көкшетаудың «Оқжетпес» командасы алдын ала шығып қойды. Ал, премьер-лиганың 11-інші командасымен бірінші лигадан «Астана-1964» командасы «жекпе-жекке» шығатындай мүмкіндігі болып тұр.

Сонымен футболдан Қазақстан чемпиондары алдын ала анықталды. Премьер лигада – «Астана»! Бірінші лигада – «Оқжетпес»!

 

Дайындаған: Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + fifteen =