Астана: Болашақ бүгіннен басталады
Сарапшылардың пайымдауынша, елордамыз қала дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл, ең алдымен, халық санының тұрақты өсуі және алдағы он жылға арналған аналитикалық болжамдарды қамтитын бас қаланың Бас жоспарымен тікелей байланысты. Әлбетте, шаһар саясаты әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, абаттандыруға және жасыл аймақтарды кеңейтуге басымдық береді.
Тұрғындарға жайлы қала
Соңғы жылдары жаңа урбанистикалық шешімдердің арқасында Астанада ауқымды өзгеріс болды. Осы кезеңде 500-ден астам қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды, 2,5 миллионнан астам жасыл көшет отырғызылды. Бұрын қаланың өсуі биіктік пен аумақтың кеңеюі арқылы бағаланса, қазір басты назар – тұрғындар өмір сүретін, серуендейтін, демалатын ортаға ауысты. Бұған дейін күн тәртібінде жаңа ғимараттар мен нысандар талқыланса, бүгінде жайлылық, қауіпсіздік және «жасыл желек» қала келбетінің негізгі көрсеткішіне айналды.

Қала әрбір адамға қолайлы бола бастады. Бос жатқан аумақтар мен күтімсіз аулалардың орнына толыққанды қоғамдық кеңістіктер пайда болды. Жаяу жүргіншілерге арналған бағыттары біріктіріліп, қауіпсіз өткелдер қолданысқа берілді, ал ішкі аумақтар жанға жайлы орынға айналды. Қарапайым демалыс үшін тұрғындар енді қала орталығына қарай ағылмайды, өйткені әр ауданда өзіне тән орындар бар.
Көгалдандыру
Қаланың көгалдандыру бағыты да түбегейлі өзгерді. Соңғы үш жылда жыл сайын миллионнан астам жасыл көшет отырғызылып келеді. Ірі ағаштар саны артты, жабық топырақ, жер астымен суару жүйелері секілді күтімнің заманауи тәсілдері енгізілді.
Астанада алғаш рет тұтастай жасыл дәліздер жүйесі қалыптасты. Оның нәтижесінде аудан микроклиматы өзгеріп, шаң мен шу азайды, көлеңке жерлер көбейді. Бұрын бос жатқан жерлер саябақтар мен бульварларға айналды. Әсіресе, сәндік әрі гүлдейтін бұталарға ерекше көңіл бөлінуде.
Есіл бойындағы «жасыл желек» концепциясы – маңызды урбанистикалық бағыттардың бірі. Өзен бойындағы барлық жағалаулар, саябақтар мен қоғамдық аумақтарды біріктіретін бірыңғай вело-жаяу жол – қала тұрғындарының сүйікті мекені. Сонымен қатар қараусыз аймақ саналатын көпір асты орындарына спорт алаңдары, жаяу жүретін жерлер, архитектуралық жарықтандыру және қысқа маршруттар пайда болды.
Жаңа орындар
Маңызды жобалардың қатарына «Ататүрік», «Бейбітшілік және келісім», сондай-ақ Президент саябағындағы жағалауларды ерекше атауға болады. «Бейбітшілік және келісім» саябағы жаңартылған жасыл аймақтан бөлек, жаңа орындар қалыптастыра отырып, қала мәдени кеңістігінің жаңа форматқа көшуіне мысал бола алады.
Бейбітшілік пен келісім саябағында «Өмір ағашы» монументінің күмбезін қоса алғанда, бірегей арт-инсталляциялар орнатылды. Мәмбетов көшесі бірыңғай сәулеттік стильде абаттандырылды, сол сияқты «Тұлпар» сауда үйінің алдындағы сквер жаңартылды. Сонымен қатар магистральді көшелер – Мәңгілік ел, Абай, Нәжімеденов, Түркістан көшелерін абаттандыру жұмысы қатар жүргізіліп жатыр. Біз кедергісіз орта қалыптастыруға көштік: ыңғайлы әрі қауіпсіз тротуарлар мен өткелдер жасалуда. Триатлон паркінің маңындағы жағалауды қайта жаңғырту жалғасуда: серуендеуге арналған жаңа орындар, спорт аймақтары ашылып, ірі ағаштар отырғызылып жатыр.

Сондай-ақ Астанада Жүргенов көшесі абаттандырылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай Сарайшық ауданында жаңа «Жұмысшы мамандықтар аллеясы» салынды. Аллея аумағында балалар ойын алаңы мен жаттығу құрылғылары орнатылып, ағаштар отырғызылды, жергілікті суару жүйесі жүргізілді. Үйдің қасбетіне жұмысшы мамандық иелеріне арналған мурал салынды, тақырыптық инсталляциялар орнатылды және басқа да абаттандыру элементтері жүзеге асырылды. Ал Алматы ауданында жалпы аумағы 25 000 шаршы метрді құрайтын Күйшілер аллеясына ауқымды қайта жаңғырту жүргізілді. Мұнда ойын алаңдары, жаттығу және воркаут аймақтары жасалып, орындықтар орнатылды, кешенді көгалдандыру жүргізілді, заманауи суару жүйесі орнатылып, автотұрақ аумағы кеңейтілді.
Жағалаудағы серуен
Астана жағалаулары соңғы жылдары қала өзгерісінің ең озық үлгісін танытты. Бұрын тек сыртқы келбет ретінде қабылданған жағалаулар бүгінде тынығу, спортпен айналысатын және күнделікті серуендейтін бағытқа айналды.
Негізгі өзгерістердің бірі – өзен жағасына тастар төселіп, суға қарай жайлы еңістер жасалынды. Бұрын Есіл өзеніне жақындау мүмкін емес, тек көзбен көретін едік. Қазір суға жақындап, тасқа отырып, ағынды тамашалауға болады. Спортпен шұғылдануға да немесе көлеңкеде тынығуға болады. Бұл кеңістікті мүлде жаңа деңгейде пайдалану – өте сәтті шыққан жоба. Бір сөзбен айтқанда, заманауи урбанистика талаптарына толықтай сай келді.
Себебі қала тұрғындары су жағасына тек демалыс күндері емес, қарапайым жұмыс күндері де жиі келеді. Жаңа серуендеу аймағы қауіпсіз, жайлы әрі көркем үйлесім тапты. Ал өзен бұрынғыдай шекара емес, керісінше тұрғындар үшін қала өмірінің табиғи бөлігіне айналды.
Greenline бульвары
Астана – жас отбасылар көп шоғырланған қала. Сондықтан инклюзивті, қауіпсіз ортаны дамытуға басымдық берілді. Биік пандустар, ыңғайлы жаяу жүргіншілер жолы, кедергісіз маршруттар кеңінен енгізілуде. Бесік арбасын сүйреткен ата-аналар, самокаттағы балалар, егде жастағы адамдар да кез келген жерде өздерін еркін сезінеді.
GreenLine жаңа жаяу жүргіншілер желекжолының жүзеге асырылу барысына келсек, жалпы ұзындығы 3 шақырымнан асатын бұл желекжол Төле би көшесінен Айтматов көшесіне дейін созылады. Жоба екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезең – Әнет баба көшесінен Күлтегін көшесіне дейінгі аумақ толық аяқталды. Мұнда ірі ағаштар отырғызылып, тоғандар жүйесі жасалды, сондай-ақ ойын және спорт алаңдары абаттандырылды.
Бастапқыда бұл жерде қарапайым автожол салу жоспарланған еді, алайда концепция қайта қаралып, орнына үлкен саябақ жасау шешімі қабылданды. Greenline жобасында көгалдандырылған серуен алаңдары, ойын аймақтары, заманауи TerraWay жабындары және жауын суын жинайтын жасанды тоғандар бар. Кеңістік толығымен кедергісіз форматта жасалған. Мұнда автокөліктер жоқ, тек жедел қызмет көліктеріне ғана рұқсат беріледі. Бұйырса, 2026 жылы жобаның екінші кезеңі жоспарланған, ол бойынша «Хан Шатыр», Жағалау және жақын аудандар арасындағы байланыс дамымақ.
Жеңіл рельсті трамвай
Қоғамдық көлік жүйесі белсенді дамып жатқаны баршаға белгілі. Мәселен, қала тұрғындарының қоғамдық көлікті пайдалану үлесін 41%-дан 71%-ға дейін арттыру көзделген. Осы мақсатта автобус бағыттары мен парктер жаңартылып жатыр. Ал келесі жылы көптен күткен жеңіл рельсті трамвай (ЛРТ) іске қосылады.
Бүгінде Сығанақ көшесінің бойында жеңіл рельсті трамвай желісі бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Жаңа жарық тіректері орнатылып, тіреу қабырғалары мен техникалық тротуарлар жасалуда, ағаштар мен бұталар отырғызылуда. Осылайша, жеңіл рельсті трамвай трассасының астындағы аймақ тек транзиттік белдеу ретінде ғана емес, абаттандырылған қалалық маршрут ретінде жаңа функцияға ие болады. Қалада тротуарларды кеңейту үшін автотұрақтарды оңтайландыру үрдісі жүріп жатыр.
Қалаға жаңа жеңіл рельсті трамвай вагондары әкелінді. Олар астананың автобустарымен бір стильде жасалған. Бұл көліктің визуалды және функционалды интеграциясына толық көшу кезеңін көрсетеді. Нақты айтқанда, біркелкі түс, минималистік эстетика және ойластырылған графика. Жеңіл рельсті трамвай бүгінде жеке жоба ретінде емес, болашақтағы байланысты, ыңғайлы және тұрақты көлік экожүйесінің негізгі элементі ретінде қарастырылады.
Қала – детальдардан құралады
Қалалық ортаны жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі – «қала бөлшектерде» тұжырымдамасы. Бұл – ірі жобалардан бастап, күнделікті ұсақ элементтерге назар аударуға көшу деген сөз. Бұрын байқалмайтын ұсақ дүниелер енді қаланың бірегей эстетикасының бөлігіне айналып жатыр.
Астанада қаланың визуалды стиліне сай брендтелген құдық қақпақтары (люк) пайда болды. Олар тек техникалық қызмет атқарып қана қоймай, әр қадам сайын дизайнымен қаланың өзіндік қолтаңбасын көрсетіп тұр. Сол сияқты ағаш түбіне арналған жаңа торлар да бірыңғай стильде жасалып жатыр. Бұрынғы әркелкі шешімдердің орнына ұқыпты, сапалы, көзге бірдей көрінетін үлгілер қолданыла бастады. Көзге көп түспесе де, дәл осы детальдар ортаның ұқыпты ойластырылған және жайлы екенін сезіндіреді. Қаланың деңгейі тек ірі жобалармен емес, күнделікті жайлылықты қалыптастыратын осындай ұсақ бөлшектермен де ерекшеленбек.
Кешкі Астана
Көре білген адамға қалада бұрынғы суық, ақ-көк түстер біртіндеп алынып, оның орнына янтарь және алтын түстес жылы реңктер қолданылуда. Бұл атмосфераны жайлы етеді, архитектураны жұмсақ түрде айқындайды және жарықтың ластануын азайтады. Мұндай шешім заманауи жарық дизайн қағидаттарына толық сәйкес келеді.
Атап өткен жөн, соңғы жылдары Астанада 300-ден астам ғимарат жылы түстегі жаңа сәулеттік жарықпен жабдықталды. Осылайша, материалдардың фактурасы айқын көрініп, қасбет қабырғалары кешкі қаланың бірыңғай визуалды бейнесін қалыптастырды.
Ең үлкен өзгеріс Мәңгілік ел, Тәуелсіздік, Республика даңғылдарында байқалады. Жаңадан жарықтандыру тұжырымдамасының нәтижесінде аталмыш көшелер кешкі уақытта заманауи және үйлесімді көріне бастады. Суық «неон» стилінен, адамға жақын, жылы бейнеге ауысты. Заманауи шамдар көшені жарық әрі қауіпсіз етіп қана қоймай, кешкі қаланың келбетін одан әрі сұлуландырып тұр.
Ескі орындар ескеріледі
Ескі Астананың тарихи бөлігінде алдағы жылдары ғимарат қасбеттеріне кешенді жаңарту жұмыстары басталады. Бұл – жай жөндеу жұмыстары емес, шынайы ревитализация. Ондаған жылдар бойы назардан тыс қалған үйлер жаңа материалдармен қапталып, бірыңғай архитектуралық стильмен жабдықталады. Барлығы да жаңартылған брендбукте көрсетілген талаптарға сай жасалады. Сонымен қатар тротуарлар, көгалдар, жарық, автотұрақтар, кіші архитектуралық формалар да реттеледі. Бұл шешім аудандарды толыққанды әрі жайлы етіп, әр қадамы біртұтас көрінетін кеңістік қалыптастырады.
Әлемге танымал бренд
Елордада жайлылық пен сапа ерекше жағдай емес, қалыпты нормаға айналып келеді. Кедергісіз қоғамдық кеңістіктер, жасыл инфрақұрылым, көлік экожүйесі… Бұл – жеке-жеке жобалар жиынтығы емес, саябақ та, павильон да, жағалау да, көлік жүйесі де болашақ қаланың жалпы келбетіне жұмыс істейтін тұтас стратегия.
Астана – бүгінде заманауи, жайлы, адамның өмір сапасын алдыңғы орынға қоятын қала үлгісі. Көз алдымызда динамикалық орта қалыптастыратын, аймақ үшін жаңа стандарттар белгілей алатын үлкен қалаға айналып келеді.



