Астана Балеттен не күтеміз?

Соңғы жылдары «Астана Балет» театры отандық мәдени кеңістікте ғана емес, халықаралық сахнада да өзіндік орны бар кәсіби ұжым ретінде қалыптасып келеді. Өткен маусым театрдың даму динамикасын, көркемдік ізденісінің жүйелі сипат алғанын айқын көрсетсе, биыл осы бағыттың жалғасы ғана емес, жаңа белеске шығу кезеңі болмақ.
Жаңа маусымға жоспарланған репертуарына назар аударсақ, театрдың басты көркемдік ұстанымы анық аңғарылады. Бұл – классикалық мұраны сақтау мен заманауи хореография тілі арқылы жаңаша пайымдау арасындағы тепе-теңдік. Театр бір жағынан әлемдік балет классикасына адалдығын білдірсе, екінші жағынан бүгінгі көрерменмен тіл табысатын заманауи формаларға батыл қадам жасап отыр. Осы тұрғыдан алғанда, француз композиторы Морис Равель музыкасына қойылған бір актілі заманауи Bolero Х балеті театрдың шығармашылық бағытын айқындайтын маңызды жоба саналады. ХХ ғасыр музыкасының жауһарына жаңаша көзқарас ұсынатын бұл спектакль бидің табиғаты, ырғақ пен қозғалыстың түпкі мәні туралы эстетикалық рефлексияға жетелейді. Қойылым «Астана Балет» театрының заманауи хореография тілін меңгеріп қана қоймай, оны көрерменмен терең диалог құра алатын құралға айналдыруға ұмтылысын көрсетеді. Сонымен қатар репертуарда ұлттық мәдени кодқа сүйенген іргелі қойылымдарға да айрықша мән беріліп отыр. Театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри қойған «Қыз Жібек» балеті – соның айқын дәлелі. Бұл спектакль дәстүрлі бейнелер мен заманауи сахналық шешімдерді үйлестіре отырып, қазақ классикасын бүгінгі көркемдік кеңістікке бейімдейді. Ұлттық мұраны жаңғыртудағы мұндай тәсіл театрдың мәдени жауапкершілігін де, көркемдік талғамын да көрсетсе керек.
«Біз қойылымдарымызда классикалық және қазіргі заманғы хореографияны, ұлттық дәстүр мен заманауи көркемдік тілдің үйлесімін көрсеткіміз келеді. Көрермендер «Баядерка» мен «Қыз Жібек» балеттерін тамашалап қана қоймай, классиканы жаңаша хореографиялық шешімдермен көретін Bolero Х спектакліне де куә болады. Жаңа маусым өте қызықты әрі мазмұнды өтеді» дейді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Әлемдік балет өнерінің жауһары саналатын «Баядерка» балетінің премьерасы театрдың академиялық дәстүрге деген адалдығын айқындайды. Бұл қойылым арқылы «Астана Балет» театры отандық көрерменге классикалық балет өнерінің ең биік үлгілерін ұсынуға дайын екенін тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Мұндай таңдаулар театрдың тек жаңашылдыққа ғана емес, кәсіби сабақтастыққа да мән беретінін білдіреді. Биылғы репертуардың тағы бір ерекшелігі – музыкалық бағыттың күшеюі. Симфониялық оркестр қатысатын спектакльдер мен концерттер, хор мен солистерді, шақырылған дирижерлерді біріктіретін жобалар театрдың көркемдік аясын кеңейте түседі.
– Біз театрды заманауи, ашық және қарқынды дамып келе жатқан алаң ретінде сақтау үшін дәйекті түрде жұмыс істеп жатырмыз. Жаңа маусым – тек премьералар мен гастрольдер ғана емес, сонымен қатар кәсіби ортаны нығайту, аудиторияны кеңейту және театрдың мәдени миссиясына жауапкершілікпен қарау, – дейді «Астана Балет» театрының директоры Тайыр Қаратаев.
Театрдың гастрольдік сапарлары мен халықаралық мәдени тәжірибе алмасулары да жаңа маусымның маңызды бөлігі болмақ. Жалпы алғанда, биылғы маусым тек бір-бірінен бөлек премьералар жиынтығы емес. Бұл – классика мен қазіргі заман, ұлттық дәстүр мен заманауи хореографияны үйлестіріп, көрерменмен терең мәдени байланыс орнатуға бағытталған тұтас шығармашылық бағдар. Мұндай тәсіл театрдың ел мәдениетіндегі орнын нығайтып, оны заманауи және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті сахна алаңына айналдырары анық.
Шапағат ӘБДІР



